Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығы icon

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығы



НазваниеАстана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығы
страница5/33
Дата конвертации04.12.2012
Размер5.75 Mb.
ТипДокументы
источник
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33

«Алқа» ұйымы – ХХ ғасырдың 20-жылдары Алаш қайраткерлері бейресми құрған әдеби-мәдени шығармашылық ұйым. 1920 жылы большевиктік диктатура толық орнағанан кейін Алаш серкесі Әлихан Бөкейхан әріптестерімен: «Не балаларға сабақ беріп, не жорналға, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой» деп сырласты. Алаш қозғалысының жаңа кезеңі басталды. Бұл кезеңнің рәмізді атауы – Алқа. 1920-1924 жылдары идеясы пішіліп-сызылып, талқыланған, ал 1925 жылдың басында зиялылар арасына таратылған Алаш қаламгерлерінің ұйымдасқан шығармашылық жобасының аты – «Алқа» еді. Егер өкімет ресми түрде 1919 жылдан Алаштың іс-әрекеті түгіл атауына тыйым салғанын білсек, бұл «Алқа» – Алаш ныспысымен үндес қана емес, оның идеясының жалғасы болып шығады. Сондықтан да қырағы НКВД 1929 жылы Алаш арыстарын бірінші мәрте жазалағанда, «Алқа» бағдарламасын шығармашылық ұйымның құжаты емес, саяси ұйымның құжаты деп тапты. Елшіл азаматтарға 1930-1937 жылдары үкім шығарарда, олардың «Алқаға» кіргені, ұйым мүшелерімен араласқаны басты айып ретінде тағылды.

«Алқа» дүниеге келгенге дейін өлкелік баспасөзде саясатқа байланбаған еркін шығармашылық туралы Ахмет, Жүсіпбек, Мағжан, Смағұл, Мұхтар т.б. тұлғалардың ой-пікірі жарық көрді. Осы және басқа да сұранысты ескеріп, Мәскеудегі «Күншығыс» баспасында қызметте жүрген Ә.Бөкейхан, М.Жұмабаев Қазақстандағы А.Байтұрсынұлы, С.Сәдуақасұлы т.б. қайраткерлермен ақылдасып, жаңа әдеби ұйымның бағдарламасын жасады. Ол елдегі және сырттағы қалаларда жүрген басты 16 қаламгерге таратылды.

Руханият тарихында ешнәрсе кездейсоқ тумайды. Шешiмдi, табанды әрбiр қадамның себебi бар. 1924-1925 жылдары өмiр жүзiне шыққан «Алқа» мұраты тарихи қажеттiлiктен пайда болды. Оны ешкiм сырттан таңған жоқ: “Алқаны” қазақ ой-санасының сұранымы дүниеге әкелдi. Шығармашылық қауымды біріктіретін жобаның хатқа түсуi – азат мұраттың, зиялы елдiк нышанның нақтылануы едi.

Д.Қамзабекұлы

Алдияров Әбубәкір Бермұхамедұлы – Алаш қозғалысына қатысушы қайраткер. Ол 1878 жылы Торғай облысы, Қостанай уезі, Сарыой болысында дүниеге келген. Әкесі Бермұхамед болыс болған, атасы Қаумен ел басқарған. Ы.Алтынсарин ұйымдастырған Қостанайдағы екі сыныптық мектепті, Орынбор ер балалар гимназиясын (1899) тәмамдаған соң, Қазан императорлық университетінің медицина факультетіне түсіп, генерал-адъютант Н.А.Крыжановский атындағы стипендиямен оқыған. 1904 жылы университетті күміс медальмен бітіріп, Ақтөбе, Қостанай өңірінде және Троицк қаласында (1916 жылға дейін) дәрігер болып қызмет істеді. 1916 жылы қазақтың тұңғыш заңгері Ж.Сейдалиннің қызы Ажарға үйленіп, зайыбымен Беларуссияға (Пинск қ.) қара жұмысқа алынған қазақтар арасына өз еркімен барып, дәрігерлік қызмет атқарды. Халықаралық Қызыл Крест қоғамында жұмыс істеді. 1917 жылы елге оралған соң Алаш қозғалысына белсене араласты. 1917 жылғы бірінші және екінші жалпықазақ сиездеріне қатысты. Алашорданың Қостанай уезі комитетінің төрағасы және Торғай облыстық комитетінің мүшесі болды. 1918 жылы қазанның 14-17 күндері аралығында өткен Қостанай уезі қазақтарының төтенше сиезінде Алашорда автономиясы туралы баяндама жасады. Баяндама бойынша сиез «Қостанай уезі Алаш автономиясына қосылып, тек Алаш және Бүкілресейлік үкіметтердің билігін мойындайды» деген қарар қабылдады. Кеңес үкіметі тұсында Алдияров Троицк қаласы ауруханасында дәрігер болып істеді. Алаш қозғалысына белсене араласқаны үшін 1928 жылы Өскеменге жер аударылды. 1936-1938 жылдары Қырғызстанның Қаракөл қаласында және Жамбылдағы темір жол ауруханасында қызмет істеді. Алдияровқа 1938 жылы жала жабылып, ату жазасына кесілді.

^ Ш.Аманжолов, М.Әбдеш



Алмасов Омар – қазақ халқының қайраткер ұлдарының бірі. Ол ХХ ғасырдың соңғы ширегінде дүниеге келген. Алайда дәл қай жылы туғаны белгісіз. Алмасов Омар – Алаш үкіметінің қайраткері, қазақ халқының марғасқа ұлдарының бірі. Халқының рухани тазалығын сақтап, ақыл-ойын тәрбиелеуді мақсат еткен ол педагогика мамандығын таңдаған екен. Педагогика саласында атқарған қызметтерінің біз біле бермейтін тұстары көп, олар әлі де болса зерттеуді қажет етеді. Алаш қозғалысы тұсындағы атқарған қызметі Алмасовтың саяси қайраткерлігін көрсетеді. 1916 жылы Орынборда Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Жетісу облыстары өкілдерінің кеңесі өтті. Бұл кеңесте аталған өңірлердің ел ағалары жиналып, ұлттық ірі мәселелерді талқылады. Алмасов Омар сол кеңестің хатшысы болып қызмет атқарады. Кеңеске жиналғандар патша үкіметінің «Маусым жарлығына» қарсы қазақ халқының көтерілісі туралы Алаш көсемдерінің (А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатовтың) пікірін қолдады. Алмасов Омар да сол топтың бел ортасында болды.

1917 жылы 2-8 сәуір аралығында Орынборда Торғай облысы қазақтарының сиезі өтті. Сиезді ұйымдастырушылардың бірі – Алмасов Омар еді. Ол жолы да сиездің хатшылық міндетін атқарған көрінеді. 1917 жылдың мамырында Орынборда өткен жалпықазақ сиезіне қатысты. Сиезде делегаттар Қазақ автономиясын жариялау мәселесіне келгенде екі түрлі пікірде болды. Алмасов Омар қазақ автономиясын Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің көзқарасы анықталған соң және халық сақшысын құрғаннан кейін жариялауды жақтап дауыс береді. Осы сиезде ол Халық кеңесінің мүшелігіне кандидат болады.

Ол кезде жер-жерде кеңес үкіметінің ұйымдары құрылып жатқан болатын. Бұл кеңес үкіметі үшін жергілікті жерлерге табан тіреп күш салудың орайы еді. Соны сезген Алаш көсемдері қазақ жерінде кеңес үкіметінің ұйымдарын құрып, билігін нығайтуына жол бермеуге талпынғаны белгілі. Алмасов Омар сол ойды жүзеге асыру үшін Торғай өңірінде кеңес үкіметін құруға қарулы қарсылық ұйымдастыруға атсалысты.

Алмасовтың әділдігі мен елшіл бағытына, іскерлігі мен азаматтық ұстанымының беріктігіне сенген Алаш үкіметі оны Алашорданың Торғай облысы әскери сотының бастығы етіп тағайындайды. Өзіне тапсырылған жұмысты мүлтіксіз атқарған О.Алмасов зор сенімге ие болады. 1918 жылы наурызда А.Байтұрсынұлымен бірге Алашорда атынан кеңес үкіметімен келіссөз жүргізуге барады.

Кейін кеңес үкіметі күш салып, Алашорда таратылады. Қазақ халқының дербестігін арман еткен зиялы топ енді Кеңес үкіметінің қас жауына айналады. Сол тұста тұтас елдің көтеріліп кетуінен сақтану үшін кеңес үкіметі Алашорданың халыққа аса беделді басшыларына кеңшілік жасаумен бірге, оларды тұтқындап жойып та отырды. Сол қатарда 1920 жылы кеңес үкіметі Алмасовты тұтқындау туралы арнаулы жарлық шығарады. Қызылдар Аққұм деген жерде Алмасовты тұтқындауға келеді. «Жаным – арымның садағасы» деп білген батыр, елдің парасатты ұланы өзін тұтқындауға келгендермен шайқасып, құрбан болады.

И.Нұрахмет



^ Аманжолов Садық Аюкеұлы – Алаш қозғалысына қатысушы қайраткер. Ол 1885 жылы Алматы облысы Шелек ауданы Қаратұрық ауылында туған. Балалық шағы туған ауылында өтеді. Арманшыл әке Аюке баласынан үлкен үміт күтсе керек, оны жастайынан үлкен істерге дайындап кесек мінез қалыптастыруына себепші болады. Садық білімге құштар болып өседі. Әкесі оны Верныйдағы (Алматы) ұлдар гимназиясына оқуға береді. Ол мектепті 1902 жылы бітірген екен. Бірақ, өзінің алған білімін қанағат тұтпайды. Еліне адал қызмет ету үшін әлі де көп білім керек еді. Осыны жақсы түсінген ол Қазандағы император университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Университеттен өзіне керекті мол білім алады. 1910 жылы университетті тамамдап, елге оралады. Алғашында өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Садық Аюкеұлы 1917 жылға дейін Жетісу облысының (Аягөз, Үржар) заң орындарында қызмет атқарады. Бұл жұмысты ол тындырымды да әділ атқарады.

Кейін Үржар уезінде қазақ комитетінің төрағасы болады. Садықтың ұлт үшін күрескен өмірінде бұл кездің орны бөлек еді. Осы жұмыста жүріп ол Алаш зиялыларымен жақын танысып, ойы ұшталып, кемелдене түседі.

1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынборда бірінші жалпықазақ сиезі өткенде, сол сиезге Садық та қатысады. Сиезге жиналған қазақ зиялыларының ұйғаруымен Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутат болып сайланады. Бұл бірінші жалпықазақ сиезіне жиналған қазақ көсемдерінің Садықтың білімі мен біліктілігін бағалап, Бүкілресейлік құрылтайда қазақ халқының мүддесін қорғай алатынына сенгендігі еді. Бүкілресейлік сиезде Садықтың өз ұстанымын, ұлтының аманатын қалай қорғағаны туралы дерек жоқ. Сиезден кейінгі атқарған жұмыстарына қарағанда Алаш көсемдерінің күткен жерінен шыққаны анық. Садық Бүкілресейлік сиезден кейін «Алаш» партиясының жергілікті ұйымдарын құру ісіне араласып, мәнді әрі ауыр міндетті мойнына алады. Жетісу өңірінде Алаш ұйымдарының құрылуы мен оның қызметінің тыңғылықты жүруіне Садық Аюкеұлы бір кісідей тер төкті.

Екінші жалпықазақ сиезінде Садық Ұлт Кеңесіне мүше болып сайланды. Бұл мәртебелі орын халықшыл азаматтың сенімін бекемдеп, белсенді де пәрменді қызмет істеуіне түрткі болғаны айтпасақ та түсінікті. Садық Жетісуда Алашорда жасақтарын құру ісінде ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түссе керек. Кейін Шыңжаңның Шәуешек қаласында Алашорда жасақтарын құруға жетекшілік етеді.

Алашорда көсемдерінің бәрі де өздері үлгі көрсете алатын, жан-жақты жетілген кемел азаматтар еді. Бұл қасиетті Садықтан да көреміз. Ол кезінде әділ заңгер, талантты ұйымдастырушы, білікті басшы болды. Алаш әскері қатарында қолына қару алып, майданға шықты. Кеңес әскерлерімен болған шайқаста ауыр жарақат алған.

Алашорда үкіметі таратылғаннан кейін кеңес үкіметі алашордашыларға біраз уақыт еркіндік бергені белгілі. Сол тұстарда (1923-1930 жылдары) Садық Аюкеұлы Аманжолов Қазақ автономиялық социалистік кеңестік республикасы заң халық комиссариатында қызмет атқарады. Жасынан әлеуметтік қызметпен шұғылданған, кәсіби маман Садықтың бұл жұмысты аса тыңғылықты атқарғанында дау жоқ. Алайда, елшілдік бағыт ұстанып, туған халқының азаттығы үшін күрескен азаматтың кеңестік дәуірде қайдан жолы болсын, 1930 жылдардың зобалаңы басталғанда оның да тағдыры тәлкекке түседі. Садық Аюкеұлы Қазақстаннан қуғындалады. Басында жан сауғалап Мәскеуге барады. Алайда Ресей астанасы ұзақ мекен бола алмайтынын түсініп, Бішкекке, одан Ташкентке кетеді. Ол жақта қалай өмір өткізгені туралы нақты дерек аз.

1941 жылы 5 желтоқсанда Ташкентте қайтыс болған. Ұзын да, қысқа да емес, қиындығы мен қызығы бірдей, арманға толы 56 жыл өмір сүріпті. Осы өмірінің ішінде қазақ халқы үшін оның ұлттық мемлекеті – Алашорда үкіметі үшін бір кісідей үлес қосып, елеулі еңбек етеді.

И.Нұрахмет

Аңсағаев Әбілқасен – Алаш қозғалысына қатысушы. Ол 1895 жылы қазіргі Ақмола облысы Жарқайың ауданы Гастелло кеңшарында дүниеге келген. Бұл ауыл ХХ ғасырдың отызыншы жылдарына дейін «Аңсағай-Кенжебай ауылы» деп аталған. Бірінші жалпықазақ сиезінен кейін жер-жерлерде Алаш партиясының бөлімдері құрылғанда ол Атбасар уездік Алаш комитетінің мүшелігіне кірген. Оның өмір жолы туралы деректер сақталмаған. 1930 жылы ұжымдастыру саясаты тұсында ол кулактар қатарына жатқызылып, қазіргі Ақтөбе облысының Темір қаласына жер аударылған. Онда екі-үш жыл болып, фамилиясын «Танабаев» деп өзгертіп, Қырғызстанға кеткен. Отбасымен, ағайын-туысқандарымен Рыбачье қаласында тұрады. Онда кондитер фабрикасының директоры болады. Өмірінің соңғы кездері Тәжікстанның Ленинабад қаласында тұрады. 1949 жылы сал ауруынан қайтыс болады. Тілеміс, Әділхан, Асылхан деген балалары Ұлы Отан соғысына қатысқан. Немерелері қазір Қырғызстанның Рыбачье қаласында тұрады.

Б.Хұсайынов



Арабаев Ишанғали – Алаш қозғалысына қатысушы қазақ пен қырғызға ортақ азамат. Ол 1911 жылы Уфадағы Шарқ баспаханасынан белгілі қазақ ағартушысы Қ. Сәрсекеевпен бірлесіп «Әліппе» (Төте оқу) жазады. 1912 жылы қазақ тілінде «Жазу өрнектері» атты оқулығы жарық көреді. А.Байтұрсынұлының ықпалымен қазақ баспасөзінде «Қырғыз» деген бүркеншік атпен мақалалар жазады. 1916 жылы қырғынға ұшыраған елін бастап Қытайға қоныс аударып, 1917 жылы қайта оралады. 1917 жылы «Қазақ» газетінде «Бейшара қырғыз бауырларыңды ұмытпаңдар» деген хаты жарық көреді. Осы хатты оқыған қазақ жұрты қырғыздарға көп көмек жасайды. 1920-1923 жылы Алматыда Қосшы одағы төрағасының орынбасары болып істеп, 1923 жылы Х.Досмұхамедұлының шақыртуымен Ташкентке барып, Түркістан АКСР-і ғылым орталығының жетекшісі болады. Сол кезде Орта Азия университетінде қырғыз тілінен сабақ береді. 1924 жылы маусымда өткен Қырғыз-қазақ білімпаздарының бірінші сиезін ұйымдастырушы топтың ішінде болды. 1926 жылы Бакуде өткен Түріктану сиезінде қырғыз халқының өзін-өзі басқару құқын іске асыру үшін күреседі. 1924 жылы Қарақырғыз автономиясы құрылғанда облыстық төңкерістік комитеттің мүшесі, облыстық ғылым комиссариатының төрағасы болады. 1924 жылы жазған «Қырғыз әліппесі» – қырғыз мектептеріне арналған тұңғыш оқулық. Қырғыз тілінде шыққан алғашқы газет «Еркин тооның» (Еркін тау) редакторы болған. Манас эпосының қағазға түсуіне басшылық етіп, Семетей жырын жазып алып, алғаш жарыққа шығарған осы кісі екен. 1925 жылы Ресей компартиясының Қырғызстандағы саясатын сынға алған «Отыздың мәлімдемесі» аталған құжаттың авторы ретінде қуғындалады. 1933 жылы Тұран әлеуметтік партиясының ісі бойынша тұтқындалып, түрмеде белгісіз жағдайда қаза табады.

И.Нұрахмет

«Арыстары Алаштың» – С.Өзбекұлының кітабы. 1998 жылы «Жеті жарғы» баспасынан жарық көрген, көлемі 9,81 б.т. Бұл кітапта ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы саяси-идеялық ахуал, А.Байтұрсынұлы, Д.Сұлтанғазин, Ғ.Қарашев, Б.Қаратаев, Ж.Сейдалин, Б.Сыртанов, Ғ.Мұсағалиев, Р.Мәрсеков, Б.Құлманов, Ш.Қосшығұлов, И.Меңдіханов, Ы.Дүйсенбаевтардың ұлт-азаттық қозғалыс дәуіріндегі саяси қызметтері мен қайраткерлік көзқарастары қарастырылған.


^ Асанов Қалдыбай – Алаш қозғалысына қатысушы. Ол 1892 жылы Жымпиты уезінің 4-ауылында туған. Алашорданың Батыс Қазақстан бөлімшесіндегі белді мүшелерінің бірі. Мамандығы – экономист. Әкесі кедей адам болған, оның үстіне жастайынан жетім қалып, ағаларының қолында өседі. Жас кезінде көп оқи алмаған. Жымпиты ауылындағы орыс-қазақ мектебінен үш сыныптық білім алған ол кейін өздігінен ізденіп, білім жолын қуады. 1909-1914 жылдар арасында Саратов университетінің экономика факультетін бітіреді. 1916 жылы майданның қара жұмысына алынады, 1917 жылы елге оралады. Елге келген соң, Жымпиты уездік атқару комитетінде, уездік земство басқармасында қызметтер істеген. Оқыған, білімді, жұмысқа белсенді жігіт бірден көзге түседі. 1918 жылы мамырда К.Жәленовпен бірге Орал облыстық төртінші қазақ сиезінің хатшылық міндетін атқарады. Сиезде Жайық сырты қазақтар облысы құрылады да, Асанов «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметінің мүшесі болып сайланады. Екінші жалпықазақ сиезінің шешіміне сәйкес «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметінің және әскери бөлімнің бастығы Ж.Досмұхамедұлының бастауымен «Ойыл уәлаяты» жігіттерінен халық әскерін құру ісінде белсенді жұмыстар жүргізген. Ол халық әскерін ат-әбзел, азық-түлік, киім-кешекпен қамдауға жауапты болады. Ермұхамет Қоқанов, Құмай Байтөлеков, Нұрым Қабышов, Сатыбалды Асанов сияқты дәулетті байларды үгіттеп, халық әскеріне көмектесуге көндіреді. 1918 жылдан кейін Батыс Алашорда әскерінің интенданты болады.

1920 жылы Қызылқоға деген жерде Батыс Алашорданың бірнеше белді адамдарымен бірге тұтқындалады. Ол тұтқыннан қалай босағаны туралы дерек жоқ. Кейін Жымпиты уездік атқару комитетінің мүшесі болған. Осы қызметте жүргенде «Алашшыл» деген айыппен тағы жауапқа тартылып, Орал концентрациялық лагеріне қамалады. Жазасын өтеп шыққан соң, 1930 жылдары қаржы саласында жұмыс істейді, Орал педагогикалық техникумында орыс тілінен сабақ береді. Алашорда үкіметі үшін адал қызмет еткен азаматтың кеңес үкіметі үшін қауіпті екені ескеріліп, «КСРО-ның жаңа конституциясын ұлтшылдық бағытқа бұрмалады, кеңестік демократия мен бас бостандығы принципін сынады, партия ұйымдарын, Сталинді тілдеді» деген айыппен 1937 жылы қайта тұтқындалып, алдымен үш жылға, одан соң алты жылға бас бостандығынан айырылады. Бірақ, кешегі Алаштың күрескер азаматының жер басып жүруінің өзін артық көрген кеңес үкіметі оны тірі жүргізгісі келмеді, НКВД басқармасы «үштігінің» қаулысымен 1937 жылы 15 қарашада атылды.

И.Нұрахмет



^ Асфендияров Санжар – Алаш қозғалысына қатысушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол 1889 жылы Ташкент қаласында зиялылар отбасында туған. 1907 жылы Ташкент реалдық училищесін, 1912 жылы Санкт-Петербор әскери-медициналық академиясын бітіреді. Осында түрлі ұлттардың азаттыққа тілеуқор қайраткерлерімен жолығып, демократиялық, ағарған Ресейдің келешегі туралы ой бөліседі. 1912-1917 жылдары 10-Түркістан полкінің әскери дәрігер қызметінде жүріп Термез, Самарқант, Лович, Варшава қалаларында болады. Яғни ол 1914-1916 жылдары І дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1915 жылы Лодзья маңында неміс тұтқынына түсіп, 1916 жылдың басында келісімге сай босатылады. Қайраткер 1917-1918 жылдары Орта Азиядағы саяси серпілістерге белсене араласады. Бұхара мен Самарқанттың жәдидшілдерімен ақылдасып, өңірді жаңартудың жобаларын қарастырады. 1917 жылы қарашада Қоқан қаласында Түркістан автономиясын жариялаған өлке мұсылмандарының төтенше сиезі жұмысына қатысады. 1917-1918 жылдары Ташкент қалалық денсаулық сақтау бөлімінің санитарлық дәрігері болып қызмет істейді. Түркістанда кеңес өкіметі орнағанда, Аштықпен күрес жөніндегі төтенше комиссияның Сырдария облыстық бөлімшесін басқарады. 1919-1920 жылдары Закаспий майданында кеңестік Түркістан полкінің дәрігері, 1920-1921 жылы Түркістан автономиялық республикасы Денсаулық сақтау халық комиссары, Егін шаруашылығы халық комиссарының алғаш орынбасары, кейін комиссары, Түркістан ОАК төрағасының орынбасары, 1921-1922 жылдары РКФСР үкіметі мен Ұлт істері халық комиссариаты жанындағы Түркістан ОАК-нің тұрақты өкілі, 1922-1923 жылдары Түркістан автономиялық республикасы Егін шаруашылығы халық комиссарының орынбасары, 1923-1924 жылдары Денсаулық сақтау халық комиссары, 1925-1927 жылдары Бүкілресей ОАК хатшысының орынбасары, 1927 жылы Н.Н. Нариманов атындағы Мәскеу Шығыс халықтарының этникалық және ұлттық мәдениеті институтының директоры, 1928-1931 жылдары Қазақ мемлекеттік педагогика университетінің (1930 жылдан кейін мәртебесі – институт) тұңғыш директоры, 1930 жылдың соңынан бастап Қазақ медицина институтының директоры, 1931-1933 жылдары Қазақ кеңестік республикасы Денсаулық сақтау халық комиссары, 1933-1937 жылдары КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы төрағасының орынбасары, 1933 жылдан Халық ағарту комиссарының орынбасары, мұнан кейін Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институты тарих бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Қайраткер – «Шатер мира» повесі мен «История Казахстана с древнейших времен», «Қазақ тарихының очеркі» зерттеулерінің авторы. Ол 1937 жылы тамызда ұсталып, 1938 жылы ақпанда нақақ атылған.

^ Д. Қамзабекұлы



Атшыбаев Беркінғали Мұқашұлы – Батыс Алашорданың белгілі қайраткері. Ол 1897 жылы бұрынғы Гурьев уезі Қазыбек болысының Миялы ауылында туған. Ол – қазақтың тұңғыш мұнай барлаушы геологі. Арғы атасы Қазыбек белгілі би болған екен. Өз атасы Атшыбай 1869-1870 жылдары кіші жүз қазақтарының көтерілісінде қол бастаған батыр болған. Әкесі Мұқаш көзі ашық, саудамен шұғылданған дәулетті адам екен. Беркінғали 1905 жылы Гурьев уезі Есбол болысындағы бір сыныптық орыс-қазақ мектебін бітірген. Онан кейін Орал реалдық әскери мектебінде оқыған. 1918 жылы төртінші Орал облыстық қазақ сиезінің қарарына сай Жымпитыда ашылған Ойыл облысы жігіттерінен офицерлер даярлайтын алты айлық юнкерлер мектепке түседі. Мектеп бітіріп, прапорщик шенін алған соң, Алашорданың батыс бөлігін басқару бөлімшесінің бас интенданты болып тағайындалады. Алаш әскерін азық-түлік киім-кешек, оқ-дәрі, құралмен қамтамасыз етуде, Батыс Сібір және ағылшын елдерімен қарым-қатынас жасауда көп еңбек сіңірді. Әсіресе, оның осы керекті заттарға қолжеткізу үшін Қызылқоға, Сағыз уездік земство арқылы Сібірдің оңтүстік-батыс астықты аймақтарындағы кооперативтер мен жергілікті қазақтардың Орал, Ілбішін, Қаратөбе базарларында айырбас сауда жасауына жол ашқан тарихи еңбегінің мәні зор болды. Батыс Алашорда тізе бүккен соң, Түркістан майданы басшыларының кепілі ретінде ұсталып, Орынборға жөнелтілген бес адамның бірі. Олар 1920 жылы ақпанда Мәскеуге әкелінеді. Сол жылы мамырда Орынборға келіп Қазревком ішкі істер бөлімінің іс жүргізушісі болып тағайындалады. Кейін сол мекеменің азаматтық бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Ашаршылыққа ұшыраған елге азық-түлік жеткізуде көп еңбек сіңірді. 1922-1923 жылдары Мәскеудегі «Сантонин» тресінде іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі болған. 1924-1926 жылдары «Казкрайсоюздың» Мәскеу өкілдігінде экономикалық тексеруші қызметін атқарған. Мұнан соң РКФСР жоғарғы сотында аудармашы болып қызмет еткен. 1928 жылы Мәскеудің Тау-кен академиясы мұнай факультетінің геология бөліміне оқуға түседі.

1930 жылы «Алашордашыл жат элемент» деген айыппен оқудан шығарылады. Сол жылы Гурьев қаласына келіп, «Эмбанефты» тресіне қарасты барлау конторында геолог, картировка секциясының меңгерушісі болып істейді. Оның барлау жұмыстарының нәтижесінде Алтыкөл, Ескене мұнай көздері ашылды. 1937 жылы қазан айында «Эмбанефты» тресі бойынша Х.Ақботин, Т.Иманғазиевпен бірге «Құрамысовтың алашордашыл контрреволюциялық ұйымына қатысты» деген айыппен тұтқынға алынады. Сол жылдың аяқ кезінде Орал қаласына айдалып, хабарсыз кетеді.

И.Нұрахмет

Атшыбаев Мұқаш – Алаш қозғалысына қатысушы қайраткер. Оның қай жылы туып, қай жылы дүниеден өткені белгісіз. Орал облысы Темір уезі, Қазыбек болысының Миялы ауылында (қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы) туған. Кезінде саудамен шұғылданған. Атасы Қазыбек Жайық өңіріне танымал би болған. Әкесі Атшыбай 1869-1870 жылдары «Ел ауа» аталған кіші жүз қазақтары көтерілісіне қатысып, батырлығымен ел сеніміне ие болған екен. Қазақша-орысша сауаты ашық, кітапты көп жинаған адам екен. Ол дәулетті көп саудагердің бірі немесе байлығын ел игілігіне жұмсаған жомарт ұлтшыл болған. Балалары Беркінғали, Құсайын, Әжіғалиларды Орал қаласынан оқытқан. Соның арқасында Беркінғали да елге танымал адамға айналған. 1917-1918 жылдардағы төңкеріс кезінде және азамат соғысы кезінде Х.Досмұхамедұлын қолдады.

Оралда, Ойылда, Қаратөбеде өткен қазақ сиездеріне қатысады. 1919 жылы 10 желтоқсанда Қызылқоғада өткен Батыс Алашорданың қалалық және ауылдық земстволары өкілдері мен ел ақсақалдарының кеңестеріне де қатысады.

Кейбір деректерде Ойыл облысының уақытша үкіметіне мүше болған көрінеді. Батыс Алашорданың бас интенданты болған баласы Беркінғали Атшыбаевтың жұмысына пәрменді қолдау көрсетіп, Алаш зиялыларына дем беріп, демеу болып отырды. 1919 жылы 10 желтоқсанда өткен Батыс Алашорданың қалалық және ауылдық земстволары өкілдері мен ел ақсақалдарының кеңесіне шақырылады. 1920 жылдардың басында қайтыс болса керек. Өзі алашордашыл, алаш жұмыстарына көп көмек еткен, баласы Алашорданың белгілі қызметкері болған Мұқашты кеңес үкіметі кезінде жазаға тарта алмағанымен, 1937 жылы оның туған-туыстары түгел қуғынға ұшыраған.

И.Нұрахмет

Ахметов Ілияс 1897 жылы Қарағанды облысы Шет ауданы 4-ауылда туған. Журналист, зерттеуші. 1919 жылы Семей педагогикалық курсын бітірген. Еңбек жолын бастауыш қазақ мектебінде мұғалім болып бастаған. Мәскеудегі Н.Нариманов атындағы Шығыстану институтының жапон бөлімшесін бітірген. Осында оқып жүріп «Еңбекші қазақ» газетінің Мәскеу мен Орынбордағы тілшісі қызметін атқарды. І.Ахметов 1926-1928 жылдары «Еңбекші қазақтың» тілшісі, бөлім меңгерушісі. 1928-1931 жылдары аймақтық курстың оқытушысы, меңгерушісі (Қызылорда), Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы жұмысшы факультетінде ұстаз, әрі Республикалық кітап палатасының қызметкері болды. 1931-1933 жылдары Казпедтехникумда (Ташкент), 1934-1936 жылдары Мемлекеттік орталық кітапханада (Алматы) қызмет атқарды. Ахметов ұстаздықпен қатар, зерттеу жұмыстарымен айналысты, оқулықтар жазды. 1934 жылы «Қазақ» сөзінің шығу тегі туралы» зерттеу жазды. Жарық көрмеген бұл еңбектің (6,5 баспа табақ) қолжазбасы сақтаулы. І.Ахметов 1936 жылдан бастап саяси қуғынға ұшырап, тұрақ-мекенін, жұмысын жиі ауыстырып отырды. Ақыры 1938 жылдың наурызында тұтқындалып, «Алашорда партиясының құрамында болып, кеңес үкіметін құлатуға бағытталған белсенді жұмыс жүргізді» деген жазамен атылды.

М.Төлепберген


Ә

Әбдешев Марат Ескендірұлы – белгілі зерттеуші, музейтанушы. 1945 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданында туған. Әл Фараби атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетін бітірген. Қазақстанның Мемлекеттік Орталық музейінде 30 жылдан астам еңбек етіп, қазақтың көптеген көне мұраларын жинап, зерттеп, анықтаған. 100-ден астам ғылыми-танымдық мақалалардың, Базарбай Мәметов, Сатылған Сабатаев, Мұхаметжан Тынышбаев, Уәлитхан Танашев, Ғұбайдолла Бердиев, Шафқат Бекмұхамедов т.б. Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген энциклопедиялық мақалалардың авторы.

Г.Әріпбекова

Әбдиманұлы Өмірхан – әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдараның докторы, профессор. Ол 1953 жылы Жамбыл облысының қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданы Жақсылық ауылында дүниеге келген. 1976 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, 1982 жылы М.В.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп шықты. 1992 жылы «А.Байтұрсынұлының әдеби-публицистикалық мұрасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Сол уақыттан бері ҚазҰУ-дің филология факультетінде аға оқытушы, доцент, профессор болып еңбек етіп келеді. 2007 жылы «Ұлт-азаттық идеяның XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі көркемдік мәні мен жаңашылдық сипаты» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ө.Әбдиманұлы – қазақ әдебиеті тарихының «ақтаңдақтарын» ашуға елеулі үлес қосты, Алаш тарихын, алаш арыстары шығармашылығын зерттеп, бірнеше іргелі еңбектер жазған әдебиет зерттеушісі. Ғалымның Алаш әдебиетіне арналған «Қазақ газеті» (1993), «Ахмет Байтұрсынұлы» (2007), «Қазақ әдебиетіндегі ұлт-азаттық идея» (2007) атты монографиялық зерттеулері және ғылыми мақалалары бар.

Е.Тілешов

Әбдіғазиұлы Балтабай 1952 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында туған. Ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор. 1974-1978 жылдары Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, 1978-1987 жылдар аралығында «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде бөлім меңгерушісі, «Жалын» журналының жауапты хатшысы қызметтерін атқарған. 1987-1990 ҚазҰПУ-дың аспиранты, 1990-1992 жылдары доценті, 1992-1998 жылдар аралығында сол университеттің деканы болды. Қазір осы университеттің кафедра меңгерушісі. Шәкәрім шығармашылығына арналған ғылыми еңбектердің авторы. Алаш қайраткерлері көркем шығармашылығына бойынша мақалалар жазған. Бірнеше ғылыми-зерттеу еңбектердің, оқулықтар мен оқу құралдарының авторы.

Қазақ әдебиеті.

Энциклопедиялық анықтамалық

Әбдірахманов Бейсенғали – алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Қазақстанда денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы. Ол 1888 жылы Орал облысы Ілбішін уезі Жұбанышкөл болысында (қазіргі Қаратөбе ауылы) туған. Кедей шаруа отбасында туып-өсті. Болыстық орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін мұғалім И.К. Мальковтың көмегімен Орал қаласындағы қолөнер училищесіне түсіп, ат әбзел цехы бөлімін «әбзелшінің көмекшісі» мамандығымен бітірді (1902-1907). Орынбор мұғалімдер мектебіне түсе алмағаннан кейін Оралдағы әк зауытында жұмыс істеді, ауылға келіп мал бақты. 1909 жылы облыстық денсаулық сақтау бөлімінің стипендиясымен Воронеж ер балалар фельдшерлік мектебіне түсті. Оны 1911 жылы бітіріп, 1914-1917 жылдары 2-учаске аталған алты болыс Қаратөбе елінде фельдшер болып жұмыс істеді. Ақпан төңкерісінен соң М.Жолдыбаев, Ж.Нияров, Ү.Жаманов, О.Исаев, Х.Сағындықовтармен бірге Алаш қозғалысына қатысты, Досмұхамедовтер мен Әлібековтер тобынан бейтарап ауыл интеллигенциясы құрамында болды. Азамат соғысы кезінде Х.Сағындықовпен бірге елді текетірескен күштерден қорғайтын Қорғаныс комитетін құрды, 70 адамнан тұратын халық жасағын ұйымдастыруға қатысты. 1920 жылы қаңтарда Қызыл армияның 5-бригадасы Қаратөбеде ұйымдастырған учаскелік әскери-төңкерістік комитеттің хатшысы болды. Кейін Жымпиты уездік денсаулық сақтау бөлімінің санитарлық-эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды. 1922-1930 жылдары Орал губерниялық округтік денсаулық сақтау бөлімінің дәрі-дәрмекпен жабдықтау бөлімінде қызмет атқарды. 1930-1931 жылдары ҚАКСР Денсаулық сақтау халық комиссариатының төрағасы. Осы қызметте республиканың медициналық жоғарғы оқу орындарының тұңғыш – Алматы медициналық институтын ұйымдастыруға ұйытқы болып, өнеркәсіп орындарында – Успен кенішінде, Қоңыратта, Қарағанды облысында жаңадан ауруханалар ашу, жұмысшыларға дәрігерлік көмек көрсету ісін қолға алды.

М.Тәжімұрат

Әбжанов Ханкелді Махмұтұлы – тарих ғылымдарының докторы, профессор. 1953 жылы Қарағанды облысының Атасу кентінде туған. 1976 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген соң Целиноград инженерлік-құрылыс институтында (1976-1977), Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (1977-1979), ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында (1979-1993), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (1993-1999) еңбек етті. 1999 жылдан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер ғылыми орталығы директорының орынбасары. «Алаш және ұлттық идея», «Миссия интеллигенции», «Алаш зиялысы», «Алаш аманаты және ұлттық идея» атты мақалаларында, А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, М.Тынышбаев, Н.Төреқұлов, С.Сәдуақасов, т.б. тұлғаларға арналған зерттеулерінде ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының тағдыры, қоғамдық-саяси көзқарастары мен қызметі, Ресейдегі либералдық қозғалыспен ықпалдастығы, большевизммен арақатынасы, қоғамның интеллектуалдық әлеуетін нығайтудағы рөлі сараланған.

Е.Тілешов

Әділов Байсейіт – Алаш қозғалысына қатысушы қайраткер. Ол 1887 жылы бұрынғы Ақмола облысы Ақмола уезінде туған. Ақмоладағы бастауыш училищені, Омбы мұғалімдер семинариясын бітірген. Омбыда, Ақмолада уездік және болыстық кеңселерде хатшылық қызмет атқарған. «Ақ Байсейіт» атанып, ел-жұртына беделді болды. Ауыл балаларын мектепке тарту ісінде көп еңбек етті. «Жас қазақ» ұйымын құрушылардың бірі. Ол 1917 жылдың сәуір айында Ақмола облысы қазақтарының сиезінде облыстық комитет мүшелігіне сайланған. Осы жылы Жалпы мұсылман сиезіне Ақмола облысынан делегат ретінде ұсынылған. Осы тұста Б.Әділов Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірігіп, іргелі қоғамдық жұмыстарға атсалысты. Ақмоладағы кеңес өкіметін орнатуға қатысып, уездік депутаттар кеңесінің алғашқы құрамына мүше, уездік милиция бастығы болды (1917-1918). 1918 жылдың жазы мен күзінде ақ гвардияшылар тұтқынға алды. Қазақ кеңестерінің Құрылтай сиезінде ҚАКСР-ы ОАК-нің мүшесі болып сайланды. Кейінірек, кеңес өкіметінің әділетсіз саясатына наразылық білдіргені үшін қызметінен қуылып, тұтқынға алынды. Абақтыдан босатылғанымен, 1928 жылдың желтоқсанында ОГПУ жасағының тағы да тұтқындамақ болған әрекеті кезінде қарсылық көрсетіп, оққа ұшты.

Қазақстан. Ұлттық энциклопедия



Әділов Дінше – аз өмірінде халқы үшін көп игілікті істер атқарған Алаш азаматтарының бірі. Ол 1900 жылы бұрынғы Сырдария облысының Сарысу уезінде, қасиетті Шу бойында туған. Д.Әділов 1909 жылдан 1913 жылға дейін Ақмоладағы бастауыш мектепте оқып білім алады да, 1913 жылы Омбы гимназиясына түсіп оқуын жалғастырады. 1918 жылы гимназияны бітіріп, 1919 жылы Ташкент университетіне оқуға түседі. Университетте жүріп, бір жағынан білім алып, екінші жағынан қоғаммен араласып, әлеуметтік-саяси көзқарас қалыптастырады. Неге екені белгісіз, ол университетте бір-ақ жыл оқиды.

Д.Әділов бала жасынан күрес жолын таңдаған. Көзі ашық, көкірегі намысқа толы азамат болды. Гимназияда оқып жүрген кезінде 1914 жылдың өзінде Омбыдағы «Бірлік» ұйымына қатысып, 1918 жылға дейін оның белсенді мүшелерінің қатарында жүреді.

С.Сәдуақасұлының жазбасында «Бірлік» ұйымының мақсаты: «Қазақ халқын мәдени, әдеби жағынан ілгері қатардағы жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезімін туғызу һәм ұлтты сақтау» (Д.Қамзабекұлы «Руханият». 45-бет) деп көрсетілген екен.

1917 жылы көктемде облыстық қазақ комитетінің жолдамасымен жергілікті қазақ комитеттерін құруға қатысты. Ақмолада «Жас қазақ» ұйымының ашылуында Дінмұхамедтің де өз үлесі болды. Білімді, парасатты азаматтың елі үшін атқарып жүрген еңбегін бағалаған Алашорда көсемдері оны 1917 жылы «Алаш» партиясының Ақмола облыстық комитетінің мүшелігіне қабылдады. Бұл Д.Әділовтің өміріндегі елеулі оқиға, теңдессіз қуаныш еді. Ол енді өз халқы үшін қызмет істеуге біржола бел байлайды.

Дінмұхамед 1918 жылы азамат соғысына қатынасады. Соғыстан келген соң 1919-1920 жылдары Ташкенттегі Қазақ ағарту институтында оқытушы болады. Оқытушы болған кезінде қазақ жастарының көзін ашу, олардың кеудесіне білім нәрін құю, ұлттық сана қалыптастыру үшін аянбай еңбек еткені түсінікті. Өйткені сол кезде де ұлтты құтқарудың жолы халықты ояту еді. Дінмұхамедтің елшілдігін, жұмыстағы жауапкершілігі мен біліміне сенгендіктен оған Жетісу облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі, РК (б) П Семей Губерниялық комиссариатының қазақ бөлімінің жауапты қызметкері сияқты аса жоғары лауазымды, жауапкершілікті қызметтер тапсырылады. Ол бұл қызметтерді тыңғылықты атқарады.

1920 жылы қазанда Қазақстан кеңестерінің құрылтай сиезі ашылғанда, сиезге жиналғандар өзі болмаса да Дінмұхамедті сыртынан Қазақ автономиялық социалистік кеңестік республикасы орталық атқару комитетінің мүшесі етіп сайлайды. Сөйтіп, Д.Әділов 1920-1921 жылдары Қазақ автономиялық социалистік кеңестік республикасы Ішкі істер халық комиссариатының орынбасары болып жұмыс істейді. Ол кез қазақ қоғамы қайраткерлерге зәру кезең еді. 1921-1923 жылдары Түркістан Республикалық Орталық атқару комитетінің Сырдария облыстық атқару комитетінің және Әулиеата уезі атқару комитетінің уәкілі ретінде маңызды еларалық мәселелерді реттеуге жетекшілік етті. Осы жұмыстарды атқарып жүрген Әділов Дінмұхамед не бары 23 жастағы бозбала болатын.

1923-1925 жылдары Қазақ ағарту институтының оқытушысы, кейін директоры болып тағайындалды. Түркістан автономиялық социалистік кеңестік республикасы халық ағарту халық комиссариатында, Сырдария облыстық атқару комитеті мен губерниялық сотында, Қазақ автономиялық социалистік кеңестік республикасы халық ағарту халық комиссариатында жауапты қызметтер атқарды.

Әділов Дінмұхамед қандай қызмет болса да үлкен ынтамен, шын пейілмен атқарды. Өзінің іскерлігін, біліктілігін танытып отырды. Әрине қайраткер Дінмұхамед үшін халыққа қызмет ететін жұмыстың бәрі қасиетті еді. Ол басшы қажетті кезінде басшы, оқытушы қажет болғанда оқытушы болса, 1925-1926 жылдары тұңғыш қазақ ұлттық театрын ұйымдастырып, оның директоры болды. Бұл өнер ұжымы кейін М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры аталды. Дінмұхамед ұйымдастырған Қазақ ұлттық театры қазақ халқының рухы мен сезімін тәрбиелеу жолында 80 жыл қызмет еткен қазақ өнерінің қара шаңырағына айналып отыр.

1928 жылы желтоқсанда «кеңестерге қарсы жұмыс жүргізді» деген айыппен тұтқындалып, 1930 жылы 21 сәуірде Мәскеудің Бутырка түрмесінде атылды.

^ И. Нұрахмет

Әділов Ике – кеңес өкіметінің саясатына қарсы күрескен қайраткер, қазақ байы. Ол 1881 жылы бұрынғы Семей облысы, Семей уезі, Шаған болысында туған. Мұсылманша, орысша оқыған. Шаған еліне болыс болған. Алаш қозғалысына белсене атсалысып, облыстық қазақ сиезіне қатысты. Семейде құрылған алаш әскеріне, Алашорда қажетіне қаржылай жәрдем көрсетті. Кеңес өкіметі тұсында жүргізілген әртүрлі саяси-экономикалық шараларға қарсылық көрсетіп, қарулы көтеріліс ұйымдастырған ел басшыларының бірі болды. 1938 жылы Қытайда тұтқынға алынып, сол жылы Семейде атылды.

Б.Байғалиев

Әлжанов Отыншы – Алаш қозғалысына қатысушы қайраткер. Ол 1873 жылы Семей облысы Зайсан уезі Нарын болысында туған. Әкесі Әлжан Сақауұлы дәулетті әрі ықпалды болыс болған екен. Көзі ашық әке баласының ата дәулетіне арқа сүйеп, өз қатарынан қалып қоймауы үшін оны елдегі жақсы адамдардан үлгі алып, өнер-білім іздеуге баулыды.

Отыншы 1887 жылы Зайсандағы орыс-қазақ мектебін бітірген. Одан соң Омбының қазақ-орыс гимназиясында оқып, 1890 жылы бітіріп шыққан. Ол кезде орта білім алған азаматтар аз болатын. Сондықтан орта білімді адамның өзі қоғам үшін үлкен күш еді. Отыншы гимназияны бітірген соң Омбы мұғалімдер семинариясына түсіп, 1894 жылы оны үздік бағамен бітіреді.

Алайда семинарияны бітірген Отыншы бірден мұғалім болып кете алмады. Оны өмірдің басқа жолы, басқа тағдыр тосып тұрған, ол алғашқы жұмысын Дала генерал губернаторы кеңсесінің іс жүргізушісі болудан бастайды. 1894 жылдан 1895 жылға дейін сол қызметті атқарады.

1895 жылы Ақмола Облыстық сотының тілмашы (аудармашы) болып жұмысқа орналасып, 1907 жылға дейін істейді. Отыншының қоғамдық қызметтерінің ішінде ағартушылық қызметі бір төбе. 1907 жылы Көкпектідегі орыс-қазақ мектебінің меңгерушісі болып тағайындалып, 1909 жылға дейін сол қызметті істейді.

Отыншы 1907 жылы Петербургте өткен Бұратана халықтардың оқу ісі мен мектептері туралы ережені қайта қараған комиссияның жұмысына қазақ халқының өкілі ретінде қатынасады. Онда қазақ елінің оқу-ағарту ісінің күрделі мәселелері туралы баяндама жасап, қазақ жеріндегі миссионерлік бағыттағы оқу жүйесінің зардаптарын талдап түсіндіреді. Бұл, әрине, отаршыл үкіметке жақпаса да, көтерілуге тиісті халықтың басындағы ауыр халдердің бірі еді.

Отыншы кейін Қошке Кемеңгеровтің апасы Нұржәмилаға үйленеді. Ол тұста қазақ жеріне келген орыстар жергілікті халыққа тырнағын батырып, олардың жүрегін алу ісін жоспарлы, мақсатты түрде жүргізіп отыратын. Отыншы бұл бассыздыққа батыл қарсы тұрады. Келімсектердің жолсыздықтарына жол бермеуге тырысып, халқына араша түседі. Отыншының бұл күрескерлігі – отарлау саясатына қарсылық көрсеткен іс-әрекеті отаршыл үкіметке ұнамай, О.Әлжанов тұтқындалып, 5 жылға Жетісу облысы Лепсі уезіне жер аударылады. Бұл жаза Әлжановтың өміріндегі сәтсіз әрі көңілсіз оқиға болса да, халқын сүйген отаншыл азаматтың ұлттық рухының жетілуіне түрткі болғаны айдан анық. Сондықтан ол ендігі жерде ұлт үшін күрестен аянып қалудың арты опық жеумен аяқталарын жете түсінеді.

Халқына жанашыр, елшілдік сезімі күшті Отыншы Алашорда үкіметі құрылғанда бұл тарихи құбылысты үлкен үмітпен, зор қуанышпен қарсы алады. Алашорданың мүшесі болады. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін, О.Әлжанов Жетісу облысындағы Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі болды. Ол уездік, облыстық, жалпықазақ сиездеріне қатысып, өзінің ұлттық мәселе жөніндегі ұстанымын білдіріп отырды. 1917 жылы Орынборда екінші жалпықазақ сиезінде Алашорда үкіметіне мүше болып қабылданды. Бұл О.Әлжанов үшін айтулы оқиға еді. Мұнан кейін Отыншы Алашорда үкіметі үшін соңғы тамшы қаны сарқылғанша қызмет істеуге серт етті. Сол сертіне жетті. «Майданда өлген батырда арман жоқ» дейді екен бұрынғылар. О.Әлжанов өмірден армансыз өткен жандардың қатарында. Егер оның арманы бар десек, ол Алашорданың іргесі бекіп, қазақ халқының тәуелсіздік алғанын көзімен көре алмағандығы ғана. О.Әлжанов Жетісуда құрылған Алаш әскерінің қолбасшысы болып, қызыл үкіметке қарсы соғысады, соғысқанда да жауына жасын боп түскен ерлігімен елге танылады. Кеңес үкіметінің өліспей-беріспейтін жауына айналады. Ақыры 1918 жылы Семей облысының Мақаншы ауылында қызылдардың қолынан қаза тапты. Отыншының отаршылдыққа қарсы іс-әрекетінің күштілігі сонша, кеңес үкіметі оны өлімге кескен ауыр жазаға кегі тарқамай, батырдың ұрпақтарын да қырып тастаған екен.

И.Нұрахмет

Әлиханов Фазылағзам Ақатайұлы – Алаш қозғалысына қатысушы, инженер-архитектор, экономист. 1891 жылы бұрынғы Семей облысы Өскемен уезі Себе болысында туған. Ауқатты отбасында дүниеге келген. Әуелі Өскеменде, кейін Омбыда оқиды. Сонда жүріп қазақ жастарының «Бірлік» қауымына мүше болды. 1917-1919 жылдары Омбы, Семей, Өскеменде Алашорда істеріне белсене араласты. «Алаш» партиясының жергілікті ұйымдарының қызметін жолға қоюға атсалысты. 1920 жылы Қазревком Өскемен уезі бойынша уәкілі, 1922 жылы Семей губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1930 жылға дейін Қазақстан астаналары Орынбор, Қызылорда, Алматыда әртүрлі басшы қызметтер атқарды. 1930 жылдары Қазақ АКСР-і Тамақ өнеркәсібі халық комиссариатында инженер-экономист болды. Сәулетші ретінде өндіріс орындарын салуға көп еңбек сіңірді. КСРО Жоғарғы соты Әскери Алқасының үкімімен «халық жауы» ретінде атылды.

Қазақстан тарихы.

Энциклопедиялық анықтамалық.

Әлібеков Әлиасқар Меңдиярұлы – мемлекет және қоғам қайраткері. Орал облысы, Ілбішін уезі, Өлеңті болысының дәулетті отбасында туып-өскен. Туған жылы белгісіз. 0

Ақпан төңкерісінен кейін Саратов түбіндегі ауылшаруашылық институтын бітірген. Алаш қозғалысы кезінде Жайық өңірінде белсенді жұмыстар істеген, Алашорда кеңестеріне қатысып, ел көзіне көрінеді. 1918 жылы ақпанда Қаратөбеде өткен үшінші Орал облысы қазақтарының сиезіне қатысады. Кейін қызыл үкімет жағына шығып, кеңес үкіметінде жауапты қызметтер атқарған. 1920 жылы РК(б)П комитетінің бюро мүшесі болған. Осы кезде ол өзінің халқына аз да болса пайдалы істер істей білді. Алашорда қызметкерлерін кеңес жұмысына тартуға байланысты көп жұмыстар жүргізеді. Ол жұмыстарының белгілі нәтижесі де болады. 1920 жылы 4 шілдеде Қазревком ішкі істер бөлімінің комиссары болады. Осы жылдың 28 шілдесінде Ішкі істер комиссариатының меңгерушісі болып тағайындалады. 8 қыркүйектен бастап Ішкі басқару бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.

Бірінші бүкілқазақ кеңестер құрылтай сиезінде қазақ өлкелік орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. 1925-1928 жылдары Жетісу губерниялық атқару комитетінің төрағасы болды. Осы қызметте жүргенде Ф.И. Голощекин тарапынан қудаланып, Өзбекстанға кетеді. Ленинградтың гидромелиорация институтын 1932 жылы бітірген. 1928 жылдан 1937 жылға дейін Ташкент мақта-ирригация институтының ректоры болып жұмыс істеген.

1937 жылы халық жауы деген айып тағылып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.

^ И. Нұрахмет



Әлібеков Ғұбайдолла, Ғабдолла – Алаш қозғалысына қатысушы мемлекет қайраткері. Ол 1870 жылы (кей деректерде – 1872), Жымпиты уезінде туған. Жымпиты уезінің (қазіргі Сырым ауданы) Қарасу болысында молдадан хат танып, Орал қаласындағы училищеде, Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда білім алады. Ауылдық мұғалім, Орал уездік полиция басқармасында тілмаш, кейін Ойыл және Соналы болыстарының басқарушысы қызметін атқарған. 1917 жылы Ақпан революциясы тұсында ол Халел, Жанша Досмұхамедовтермен бірге Алаш ісін жандандыруға кіріседі. Осы жылдың наурыз-желтоқсан айларында Орал облыстық қазақ комитетінің төрағасы болады. 1917 жылы сәуір айында жергілікті алаш қайраткерлерімен бірге қазақтардың облыстық бірінші сиезін ұйымдастыруға кірісті. Бүкілресейлік мұсылмандар сиезіне делегат болып сайланды (17.4.1917). Сол жылы Орынбор қаласында 21-28 шілдеде өткен бірінші жалпықазақ сиезіне Ғ.Әлібеков Орал облысы мен Маңғыстау уезі атынан «Құрылтай жиналысы депутаттығына кандидат» ретінде бекітілді, 1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен екінші жалпықазақ сиезінде Алашорда автономиясын жедел жариялауды жақтап дауыс берген. 1919 жылы жазда большевиктер жағына шықты. 1920 жылы наурыздан бастап Қазревком мүшесі. Қазақ АКСР-ін құру ісіне белсене араласып, қазақ халқының тарихи-этникалық жер көлемін мейлінше толықтай сақтап қалуға мол үлес қосты. Бүкілқазақстандық құрылтай сиезінде республика үкіметінің құрамына сайланды. 1920 жылдың 24 қыркүйегінен бастап ол Қазақ АКСР-і юстиция халық комиссары, кейін бас прокурор қызметіне тағайындалды. Әлібеков сот, тергеу ісін жетілдіру, қылмысқа қарсы күрес шараларының жаңа бағдарын қалыптастыру мәселелеріне жете көңіл бөлді. Сондай-ақ алғашқы құқықтық құжаттардың жобаларын әзірлеуге басшылық жасап, заң үлгілерін түзу барысында жергілікті халықтың әдет-ғұрпы, тарихи таным-түсінігі ескерілуін талап етті. 1921 жылы наурыз айында денсаулығының нашарлауына байланысты бастаған ісін аяқтай алмай, туған еліне оралды. 1922-1923 жылдары Орал облысы Жымпиты уезі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген шағында қайтыс болды.

М.Ізімұлы

Әлімбеков Имам – Алаш қозғалысының қайраткері, «Сарыарқа» газетінің редакторы. Ол 1885 жылы Қарқаралы уезінде туған. Ауыл молдасынан мұсылманша хат таныған соң, Қарқаралыдағы орыс-қырғыз мектебінде оқыған. Мұнан кейін Семейге барып, Мұғалімдер семинариясына оқуға түскен. Осында Әбікей Сәтбайұлымен бірге оқыған. Семинариядан соң аталған оқу орнында оқытушылыққа қалдырылған. 1917-1919 жылдары жас оқытушы Алаш қозғалысына белсене араласады. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Х.Ғаббасұлы сынды көшбасшы тұлғалармен етене араласып, ағымдағы жағдайға сәйкес тапсырмалар алып, оны мұқият орындайды. 1917 жылы 2-8 сәуірде Орынборда өткен жалпықазақ сиезін шақыру жөніндегі Торғай қазақтары сиезіне қатысып, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы тәрізді қайраткерлермен бірге бюро құрамына сайланады. Осы жылы 12-13 қазанда Семей облыстық Алаш комитетін құратын жиынға қатысып, комитет мүшесі болып бекітіледі (төрағасы – Х.Ғаббасұлы). Алаш партиясы басшылығының ұйғарымымен «Қазақ» газетіндегі қызметінен жаңадан ашылған «Сарыарқа» газетіне редактор болып ауысады. 1918 жылы тамызда Самарада өзін-өзі билеу мәселесін қарастырған Сібірдің төтенше сиезіне қатысады. Осы аралықта Алаштың атты әскер полкін жасақтау мен жарақтау ісіне атсалысады. Бұл шақта қайраткердің қаламгерлігі де таныла бастайды. С.Садуақасұлы 1919 жылы орыс тілінде жарияланған «Киргизская литература» атты очеркінде оны болашағынан үміт күттіретін қалам иесінің қатарында атайды. Кеңес билігі толық орнаған соң, қайраткер амалсыз жаңа қызметке кіреді. Қарқаралы уездік оқу бөлімінің меңгерушісі, әдіскер-нұсқаушы, педагогикалық техникум оқытушысы, мектеп мұғалімі жұмыстарын атқарады. 1926 жылы кеңестердің Қарқаралы уездік сиезінде атқару комитеті төралқасына мүшелікке өтеді. 1920-1928 жылдар аралығында Қарқаралыға қарасты Бесоба, Милыбұлақ, Қу т.б. ауылдарда мектеп, қызыл отау ашуға атсалысады. 1930 жылы М.Жұмабайұлының шақыруымен Петропавлға қоныс аударып, осындағы ауылшаруашылығы техникумында ұстаздық етеді. 1933 жылы «Кеңес өкіметіне қарсылық көрсеткен» деген айыппен 10 жылға сотталды. Бірақ жазықсыз күйгені туралы Мәскеудегі Қызыл крест қоғамына (басшысы М.Горькийдің әйелі) өтініш түскен соң, екі жылдан кейін мерзімінен бұрын босатылады. Абақты азабынан құтылып, Қарқаралыға келіп, Бесоба мектебінде мұғалім болады. Осында жүрген жерінен 1937 жылы 17 наурызда «үштіктің» шешімімен қайта ұсталып, сол жылы 17 қыркүйекте нақақ атылады.

Д.Қамзабекұлы

Әнес Ғарифолла – тілші-ғалым, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі (1992). ҚазМУ-ды бітірген (1979). 1957 жылы Құрманғазы ауданы Балқұдық ауылында туған. ҚР ҰҒА-ның Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер (1980 жылдан), «Ана тілі» газетінде бөлім меңгерушісі. Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының президенті (1992 жылдан). Ғылыми жұмыстары қазақ тілінің тарихына, этимология мен лексикология, Махамбет шығармаларының тілі мәселелеріне арналған. Х.Досмұхамедовтың «Аламан» және «Исатай – Махамбет» жинақтарын, «Наурыз: жаңғырған салт-дәстүрлер», «Бекет ата» кітаптарын құрастырып, шығарушылардың бірі. Алаш зиялыларының тағдыры туралы деректерді жинастырып, бірнеше кітаптар құрастырды («Ақ жол», «Тіл тағылымы» т.б.)

А.Қасенбаев

Әсет Найманбайұлы (1867 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Бақты аулында – 23.03.1922, Қытай, Құлжа қаласы) – көрнекі ақын, әнші, композитор, Алаш қозғалысына қатысушы, қозғалыс көсемі А.Байтұрсынұлымен пікірлес болған. Әсет кеңес үкіметі орнағанда Қытайға өткен (1920-21 жылдар шамасы). Жастайынан ән салып, халық аузына іліккеннен бастап ол ән шығара бастаған. «Інжу – Маржан», «Мақпал», «Қарагөз», «Майда қоңыр», «Гауһар қыз», «Қоңыр қаз», «Қисмет», «Әпитөк» тағы басқа әндері белгілі. «Салиха – Сәмен», «Ағаш ат», «Перизат», «Үш жетім қыз», «Нұғыман – Нағым», «Мәлік – Дарай», «Жәмсап», «Кешубай» сияқты бірқатар қисса-дастандары бар. Әсет – айтыс ақыны да. Ол Ырысжан, Бақтыбай, Кәрібай, Әріп, Қали, Сәмет, Қосымбай, Қызыр, Кемпірбай, және Мәлике қызбен айтысқан. Тұңғыш жинағы 1968 жылы Б.Адамбаевтың құрастыруымен басылып, жинаққа 34 өлеңі (әнін қоса), 4 айтыс-қағысы, 4 дастан-қиссасы жарияланса, 1988 жылы «Әсет» жинағына (құрастырған Б.Нұржекеев) 29 ән мәтіні, 71 өлеңі, 10 айтыс-қағысы, 8 қисса-дастаны енгізілген.




Әуезов Мұхтар − көркем шығармашылығымен қоса жеке өмірі арқылы көшпелілер әлемінің соңғы тұйыққа тірелу салдарын, самодержавиенің отаршылдық езгісін, оның сана мен санатқа жасаған қорлығын, рухани тәуелділікті тудырған басыбайлы психологиясын, социализмнің «коммунистік-колонизаторлық» (С.Сәдуақасов) пиғылы мен тобырлық кекшілдігін, заманалардың төңкерісіне қоса адамның тағдырын оймен екшеп берді. Ол ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ сахарасының парасат университеті − Абай тәліміне сусындап өсті. Абайдың қыстауы Жидебай − ол үшін білім қағбасы болды. Мұхтар Әуезовтің жасынан әдебиетке ықыласты болғаны, көркем шығарма жазуға бейімі бар екені, әсіресе, Семейде шәкірт болып алғаннан соң таныла бастайды.

Отар ұлттың ұлттық рухы оянған кезде өмірге араласқан Мұхтардың да көзқарасы сол тұрғыда қалыптасты. Ұлт-азаттық идеясы оның өмірлік мақсаты мен көркем ойының негізгі арқауы болып қалды. Бұл жолы да таным тамыры Абайға әкеліп тіреді. 1917 жылы маусымның жетінші жұлдызы күні Абайдың қосағы Әйгерімнің отауында Мұхтардың тырнақ алды шығармасы − «Еңлік − Кебек» пьесасы сахнаға қойылды. Сөйтіп, Абайдың рухани өмірі Мұхтар арқылы жалғасын тапты.

Мұхтардың көзқарасы осы ұлттық ояну дәуірінде қалыптасты. XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің классиктері Ш.Құдайбердіұлы, С.Торайғыров, Ж.Аймауытов, С.Дөнентаев сынды зиялы қауым «Сарыарқа» газетінің маңына топтасты. Жиырма жасар М.Әуезов күрес жолындағы өз соқпағын халықтың рухани асыл қазынасынан іздеп, болашақтың тұтқасын туған елінің мәдени марқаюымен, ғылымды игеруімен, оны бойға сіңіре білуімен байланыстырды. Қаладағы күн сайын өтіп жатқан пікірталастары, «Алаш» партиясының саяси айтыстары ой салып, іштей ширықтырып отырды. Ол бұл кезде «Алашорда» үкіметінің мақсат-мүддесін өмірлік мақсатым деп түсінді әрі оның жұмысына белсене араласты.

М.Әуезовтің қаламы ысылып, адымын ашқан басылым «Абай» − «ғылыми, әдеби, шаруашылық» журналы. Журнал 1918 жылы «Уақ қарыз» серіктігінің қаржысы есебінен жастарға арналып шығарылды. «Жауапты шығарушы», яғни бас редактор Мұхтардың оқытушылар семинариясындағы сырлас досы Жүсіпбек Аймауытұлы, оның орынбасары − Мұхтар болды. «Талап», «Жанар», «Жәрдем» жастар бірлестіктерін ұйымдастырды, сондай-ақ «Жас алаш» атты ұйым да құрмақ ниетінде жүрді. Олардың қатарында С.Тоқымбаев, Ә.Ермеков, Д.Ысқақов, Қ.Нұрмұхамедов сынды азаматтар да болды. Бұл жылдар туралы Мұхтар: «Арасында ауырып, оқуды бірлі-жарымды тоқтатып, доғарып қойып жүріп, семинарияны 1919 жылы шала-шарпы бітірдім. Бұл кездерде ақпан төңкерісі болған. 1919 жылдың аяғында кеңес өзгерісі болды, әлеумет қызметіне араласып кеттік. Содан кейінгі баспа сөзіне толығырақ араласқаным 1918 жылы «Абай» журналының шығуымен байланысты. Ондағы сөздер сырлы әдебиет емес, жалпы мақалалар, балалықтың, жастықтың әр сайға басын соққан сандалысы, далбасалығы сияқты», − деп жазды.

1919 жылы 1 желтоқсан күні құрылған Семей губерниялық революциялық комитетінің жанынан ашылған қазақ бөліміне қызметке кіріп, кейіннен сол бөлімді басқарды.

1921 жылы Қазақ Автономиясы атқару комитетінің құрамына мүше боп сайланып, онда саяси хатшы міндетін атқарды. Үш жылдық мемлекеттік қызметте жүріп ысылған Мұхтар онда өзін толыққанды, көзқарасы қалыптасқан кайраткер ретінде көрсете білді. Большевиктер партиясының түпкі пиғылын терең сезініп, олардың «коммунистік-колонизаторлық» саясатына көзі анық жетті. Большевиктермен арадағы көзқарас алшақтығы ұлғая түсіп, ақыры 1922 жылғы тарихи оқиғаға алып келді.

1922-1929 жылдардың аралығындағы саяси майданда қазақ ұлты өзінің дербес ұлттық-саяси ойлау жүйесінің толық қалыптасқандығын, ішкі ұлттық тәуелсіздік жолындағы қозғалыстың қандай да қоғамдық құрылыста болсын, қашан толық тәуелсіздікке жеткенше тоқтамайтындығын танытты. Отаршыл самодержавие, жиһангерлік капитализм, социалистік кеңес өкіметі тұсында да осынау ұлт-азаттық идеясы тарихи сынақтан өтті. 1921-1922 жылғы Ресейдегі ұлттық федерация мәселесі қозғалғанда «Алашорда» қайраткерлері мен большевиктердің көсемдерінің арасында үлкен қайшылықтар туындады. Басты мәселе: жер, дербес экономикалық саясат, федерация құрамынан өз еркімен бөлініп шығу құқын мойындау, дербес ұлттық-мәдени саясат, ішкі істерге араласпау келісімшарты, ұлттық әскер мен жасақ ұстау құқы, сыртқы саясаттың тәуелсіз ел ретінде жүргізілуі, мемлекеттік тіл туралы көзқарастардың үйлеспеуінен кеп туды. Кеңес өкіметі бұл кезде жаппай жазалау саясатына көшіп, ұлттық қайраткерлерді қуғындай бастап еді. Мұхтар Әуезовтің төрағалық етуімен өткен қазақ қызметкерлерінің кеңесі оның кеңес өкіметіне деген көзқарасының мүлдем өзгеруіне әкеп соқты. 1921-1922 жылдары Қазақстандағы аштықтың кеңінен жайылуына себепші − кеңестік жүйенің отарлау пиғылынан туған қара ниетті озбыр саясат екенін әшкереледі.

Бұдан кейін М.Әуезов партиялық билетін қайтарып берді де, мемлекеттік қызметтен мүлдем бастартты. 1922 жылдың күзі мен 1923 жылдың жаз айларына дейін Ташкентте тұрған М.Әуезов «Шолпан» журналымен тығыз байланысының нәтижесінде «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Жас жүректер» («Үйлену»), «Заман еркесі» («Сөніп-жану»), «Кім кінәлі?» атты шағын жанрдағы классикалық шығармаларын жазды. Аз уақытта мол рухани қазынаны қазақ әдебиетінің еншісіне ұсынды.

Зады, А.Байтұрсынұлы бастатқан қазақ зиялыларының жолын кесу 1926-1927 жылдары басталды. «Аса құпия» белгісі қойылған бір нұсқауда 1927 жылы 14 мамыр күні № 88 жарлықпен БКП(б) қазақ аймақтық комитеті секретариатының шешімі бойынша баспа жоспарынан А.Байтұрсынұлының «Мәдениет тарихын», Т.Шонанов пен А.Байтұрсынұлының «Оқу хрестоматиясын», М.Әуезовтің «Қазақ әдебиеті тарихы» кітабын алдырып тастайды және мұны барлық оқу ағарту комиссариаты саласындағы мекемелерге хабарлауды тапсырады.

Бұл шақта жазушы трагедия арқылы жан ашуын жеткізеді. «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Қаралы сұлу», «Ескілік көлеңкесінде», «Бәйбіше-тоқал», «Қаракөз» атты шығармаларындағы трагедиялық көріністер мен көркемдік шешімдер «Мұхтардың шығармашылық көңіл-күйіне айналды» (М. Әуезов).

Жазу – ол үшін рухани қажеттілік, ойсоқтылықтан арылудың жолы, халқының қасіретін жеткізудің көркем құралы еді. Аса қуатты тегеуірінге құрылған бұл шығармашылық сарын мен кесек оқиғалар «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек», «Қилы заман», «Хан Кене» арқылы көркем өрнектеліп, өнердің өзегін жалғады. Қазақ әдебиетінде бұрын-соңды түспеген сүрлеу салды. Осы бір тасқындаған таланттың екпініне түрме тосқауыл жасады. «Ел ағасы» пьесасы мен «Сұғанақ сұр» хикаяты тергеушілердің тәркісіне түсіп, ізім-ғайым жоғалып кетті. Түрмеге қамалар алдындағы екі жылғы аңду, үш жылғы тұтқын тіршілік, содан кейінгі кезеңдегі аңду мен идеологиялық қақпайлаулар Мұхтардың шығармашылық тегеуірінін он жылғы тоқырауға ұшыратты.

Тарихи шындықты көркемдік тәсілмен реалистік тұрғыдан суреттеген «Қилы заман», «Хан Кене», «Бәйбіше-тоқал», «Қорғансыздың күні», «Жетім» шығармалары да тапшыл жазушылар мен сыншылардың көзіне сұқ боп қадалды. 1916 жылғы ұлт-азаттық күрестің қасіретін барынша қанық әрі шынайы суреттеген «Қилы заман» романы – М.Әуезовтің суреткерлік шеберлігінің шыңы есебінде бағаланатын, мәңгілік тақырыпты қозғайтын ұлы туындыларының бірі. «Хан Кене» пьесасы патшаның отарлау барысындағы қатыгездіктері мен аярлықтарын, еркін елдің бостандық үшін құрбан болған ерлерінің өршіл рухын өнер сахнасы арқылы бейнелеген.

Адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасты, адамгершілік пен қайырымдылықты, табиғаттың табиғи қарама-қарсылығын емеуірін арқылы бейнелеп, философиялық астармен суреттеген «Көксерек» хикаясы да қырын қабылданды. 1925-1929 жылдардың аралығындағы Қазақстанда «кіші октябрь» орнатпақ болған Голощекиннің қудалау, ұлттық интеллигенцияны жазалау, жаппай тәркі мен ұжымдастыру науқанының кесірінен ұлттық тұлғалар түрмеге қамалып, ату жазасына кесілді, мәңгілік түрме мен жер аударылуға үкім шығарылды. 1930 жылы 16 қыркүйек күні М.Әуезов те тұтқындалды. Тергеу ісі екі жарым жылға созылды. Ақырында М.Әуезов «Социалды Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеті арқылы қателіктерін мойындағаны туралы ашық хат жариялап барып жер аударылудан басын арашалап алып қалды.

1961 жылы маусымның 27 күні Москва қаласындағы Кунцево ауруханасының операция столында ұлы жүрек соғуын тоқтатты. Оның денесі Алматы қаласындағы орталық зиратқа қойылды. Қазақстан Республикасының Министрлер Советінің қаулысымен 1951-1961 жылдар аралығында тұрған үйі әдеби-мемориалдық мұражайға айналдырылды. Ол 1996 жылдың 2 маусымынан бастап «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы болып дербес ғылыми мекеме ретінде қайтадан құрылды. М.Әуезовтің туғанына 100 жыл толу мерекесі ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілді. Бұл − М.Әуезовтің дүниежүзілік руханият саласына қосқан ерекше үлесін мойындағандық және оған көрсетілген құрмет болып табылады.

Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің шығармалары дүние жүзінің 42 тіліне аударылып басылды. Оның жалпы таралымы 11 миллион данадан асады. Қазақ тілінде 12, 20 томдық шығармалар жинағы басылып шықты. 1997 жылдан бастап «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы М.Әуезовтің 50 томдық академиялық толық басылымын жүзеге асыруға кірісті. Бұл − қазақ мәдениеті мен руханиятының тарихындағы елеулі оқиғаның бірі болары анық.

М.Әуезов − қазақ ұлтының әлемдік парасат салтанаты мен ақыл-ойына үлкен үлес қосқан ұлы тұлғасы. Оның есімі қашанда қазақ елінің мәртебелі, нысаналы тұлғасы ретінде мәңгі сақталады.

Т.Жұртбай

Әулиеата уездік сиезі – 1917 жылдың 27 желтоқсанындағы Әулиеата қаласындағы сиез. Сиезге 200-ге жуық ауқатты адамдар жиналды. Сиезде ашаршылыққа көмек мәселесі көтерілді.


Б

Базарбаев Мүсілім – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Филология ғылымдарының докторы, профессор. 1927 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданында туып, 1995 жылы Алматыда қайтыс болған. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген. «Лениншіл жас» газетінде, ҚазКСР ҒА Тіл және әдебиет институтында қызмет істеген. 1956-1961 ҒА Тіл және әдебиет институты директорының орынбасары, 1961-1970 аталған институттың директоры. 1970-1976 жылдары ҚазКСР Мәдениет министрі, 1976-1981 жылдары Сыртқы істер министрі. 1981 жылдан ҒА Әдебиет және өнер институтының директоры, 1988-1995 жылдары осында қазіргі әдебиет бөлімінің меңгерушісі. «Живые традиции», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Эстетическое богатство нашей литературы» т.б. зерттеулер мен мектеп оқулықтарының авторы. 1980-жылдардың аяғында Алаш арыстары ақталғанда, ғалым М.Жұмабайұлының академиялық жинағын құрастырумен, ақын туралы зерттеулер жазумен айналысты. Мағжанның 1992 жылғы «Таңдамалысы», 1995-1996 жылғы үш томдығы М.Базарбаевтың алғысөзімен және редакциясымен жарияланды. Сондай-ақ ғалым С.Жүсіппен бірге Ә.Бөкейханның «Таңдамалысына» алғысөз жазды. Әсіресе, оның жалпы редакциялық басқаруымен шыққан «20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті: жаңаша бажайлау», «30-40 және 50-жылдардағы қазақ әдебиеті: жаңаша пайымдау» атты ұжымдық монографиялары бүгінгі әдебиеттанудағы айрықша серпін еді. Өмірінің соңғы жылдары жазған «Көрікті ойдан – көркем сөз», «Замана тудырған әдебиет» атты зерттеулерінде де Алаш тұсының дарынды тұлғалары, көркем де сырлы сөзі жаңаша көзқараспен байыпталған.

Д.Қамзабекұлы

Байгурина Гүләйім Ахметқызы – 1898 жылы Торғайда Ыбырай Алтынсариннің шәкірті болған мұғалім Балғымбаев Ахметтің отбасында дүниеге келген. Орынбор гимназиясын бітірген, мектептерде орыс тілінен сабақ берген. Белгілі ғалым, қуғын-сүргін құрбаны болған Байгурин Әлжан Махмұтұлының жары. «Қазақ» газетінде «Г...ді» жұбату деген тақырыппен Ахмет Мәметов өлең арнаған.

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33




Похожие:

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығы iconАстана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият»
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен «Руханият» орталығында дайындалған
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығы iconМемлекеттік тіл саясаты: тұжырымдар мен ұсыныстар Астана, 2011 Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша «Руханият»
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша «Руханият» орталығы дайындаған
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығы iconАстана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығы
М.Құл-Мұхаммед, Р. Нұрғали, М. Серғалиев, Х.Әбжанов, Ш.Құрманбайұлы, Ғ.Әнес, Т. Шаңбай
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығы iconАстана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығы астана көшелері
Книга предназначена для жителей и гостей столицы, а также широкому кругу читателей
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығы iconАстана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Зерде» тілдерді дамыту жөніндегі инновациялық орталығы
...
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығы iconАстана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Зерде» тілдерді дамыту жөніндегі инновациялық орталығы
«Мен Қазақстан халқына бірлік, ынтымақ, табысты еңбек тілеймін. Сол кезде ғана біз молшылыққа кенеліп, отбасымызда мәңгілік ізгілік...
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығы iconАстана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Зерде» тілдерді дамыту жөніндегі инновациялық орталығы
Білімдік: «Көліктегі өрт сөндіру» деген тақырыпта тыңдаушылармен ой бөлісу. Берілген тапсырмаларды орындата отырып, сан есім және...
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығы iconАстана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығы
Бұл жинаққа – тіл турасындағы мақал-мәтелдер, толғамды ойлар, қанатты сөздер енгізілді. Олар тілге қатысты қазақ ойының даму арнасын...
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығы iconАстана қаласы әкім дігінің 20 14 жылғы № қаулысына қ осымша
«Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Астана қаласының аумағында тілдерді дамыту...
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығы iconАстана қаласы әкімдігінің 2010 жылғы 29 желтоқсандағы №36-1264қ қаулысымен бекітілген «Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы»
Астана қаласы әкімдігінің 2010 жылғы 29 желтоқсандағы №36-1264қ қаулысымен бекітілген
Разместите кнопку на своём сайте:
Документы


База данных защищена авторским правом ©kze.docdat.com 2000-2014
При копировании материала обязательно указание активной ссылки открытой для индексации.
обратиться к администрации
Документы

Разработка сайта — Веб студия Адаманов