Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті icon

Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті



НазваниеҚазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
страница1/14
Дата конвертации14.04.2013
Размер3.02 Mb.
ТипДокументы
источник
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14





ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті


Жаңартпа технологиялар және білім беру мазмұнын ҒЗИ


ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ


Таңдамалы лекциялар курсы


Алматы, 2011

УДК 371 (075)

ББК 74.200.5

Ұ-43

Пікір жазғандар:

пед.ғыл.д., профессор,

Қазақ ұлттық білім беру академиясының академигі Қ.Бөлеев,

пед. ғыл.д., профессор Л.К.Керимов


Баспаға Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Ғылыми-әдістемелік Кеңесінің оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттерді жариялау мен жоспарлау

және сын-пікір беру секциясының отырысы ұсынған

(№4-хаттама,17.09.2010 ж.)


Бас редактор

С.Ж.Пралиев – Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры, п.ғ.д., профессор


Редакция алқасы:

М.Е.Ермағанбетов, В.Н.Косов, М.А.Нуриев, К.Н.Нарибаев, Р.К.Толеубекова, Л.К.Керимов, Ж.А.Сейсенбаева


Ұ-43 Ұлттық тәрбие: Таңдамалы лекциялар курсы.– Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2011. - 276 бет.


ISBN 978-601-232-219-4


Бұл оқу құралында белгілі тұлғалардың қазіргі таңдағы тәрбие мәселесіне қатысты жоғары оқу орындарында оқыған дәрістері беріліп отыр. Жинақта ұлттық идеяны, рухты, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеп, жастарға заманауи тұрғыда тәлім-тәрбие беруде ықпал ету; жастардың бетін ата-дәстүрімізге бұру; өз халқының бай мұрасына назарын аудартып, халқымыздың өзіне тән ұлттық құндылықтарын мақтан тұтуға тұрарлықтай тұлғалары бар екенін аңғартып отыру мақсаты көзделген. Осы арқылы туған халқы мен жерін сүйетін ұлтжанды жастарды тәрбиелеп, еліміздің өркендеуі мен қауіпсіздігін баянды ету.

Оқу құралы студенттерге, магистранттарға, білім беру саласындағы қызметкерлер мен ғылым жолындағы ізденушілерге арналған.


УДК 371 (075)

ББК 74.200.5




ISBN 978-601-232-219-4

©Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, 2011




Алғы сөз


Қолдарыңызға ұсынылып отырған «Ұлттық тәрбие» (таңдамалы лекциялар курсы) атты кітапшаның қазіргі таңда тәрбие мәселесінде алар орны ерекше. Кітапшадан оқырман қауым белгілі тұлғалардың және ұлттық тәрбие мәселесімен айналысып жүрген ғалымдардың ұлттық рух пен тәрбие туралы ой-пікірлерімен танысып, халық даналығынан мысалдар кездестіреді. Мұнда дүниені танып білудің алдын-ала жоспарланған дайын жолдары ұсынылмайды, керісінше, сізді өмірде маңызы бар мәселелерге, адамгершілік шешімдер таңдау жолындағы іс-әрекеттерге деген көзқарастарыңыздың қалыптасуына көмектеседі. Сол сияқты, жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңірудің тиімді жолдарын ұсынады. Бүгінгі күн талабына сай тәлім мен тәрбиені жүргізу үшін бізге ең алдымен терезесі теңескен, төрт құбыласы түгел ұлт болып қалыптасуымыз керек. Бірлігі жарасқан, рухы биік, намысы мықты ұлт қана салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін, ділін дамыта алады. Рухы төмендеген жағдайда, халық тілінен айырылып, босып, бірі күшті халықтың құрамына кіріп кетсе, енді бірі қара тобырға айналып, оның да өмірі ұзаққа созылмайды. Сондай жағдайға түсіп кетпес үшін, елдікті біз төрт құбыламыз тең болғанда ғана өзінің межесіне жеткізе сақтай аламыз. Ол құбылалар: ана тіліміз, дін мен діліміз, салт-дәстүр мен тарихымыз. Осы құбыламызды теңестіріп, ары қарай дамытып, халық игілігіне айналдыру баршамыздың ортақ міндетіміз. Сөйтіп, өркениетті елдердің көшіне ілесеміз десек, өзіміздің әдет-ғұрпымыздың мағынасы мен мәнісіне баға беріп, жалпы ғаламдық тәрбиемен үйлестіруіміз қажет. Ал, бұл қазақ халқының ғасырлардан қалыптасып келе жатқан ұлттық тәрбиесінің негізін дамытады. Өйткені, олардың жақсы, үлгі болатын тұстарын өзімізге ала отырып, әлемдік өркениетке бір қадам болса да жақындай түсеміз. Ұлттық тәрбие арқылы берілетін ұлттық болмысымыз жандана отанымыздың нығаюына тірек бола алады.

Неге біз осы ұлттық тәрбиеге аса мән беріп отырмыз деген сұрақ әркімнің көкейінде ұялауы мүмкін. Оған жауап, себебі, тәрбие жұмысы біздің қоғамда ең өзекті мәселеге айналып отыр. Сан жылдар небір тар жол, тайғақ кешулерді бастан өткерген қазақ халқының тарихы мен ата дәстүрі шеттетіле бастағаннан кейінгі кезек ана тіліне, одан ділге ауысып бір-бірімен жалғаса бастағандай болды. Соның әсерінен құтылудың бірден-бір жолы тәрбиені өз орнына қоя білу қажеттігі болды. Ұлттық тәрбие бүгінгі таңда елімізде орын алып отырған келелі мәселелерді: ана тілін, тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастарға, тастанды балаларға, нашақор, ішімдікке салынған жан азғындарын түзеуге де көмегін тигізе отырып, оның алдын алып, болдырмаудың негізгі жолын көрсетеді. Халық даналығында «Көп түкірсе, көл болады» демекші, жұмыла кіріссек, қандай да берік қамал болса да алынады. Сол себепті, біз ең алдымен осы мәселерді шешуде белсене кіріскеніміз жөн. Мұның бүгінгі таңда ең өзекті мәселе екені қазіргі күнгі айналамызда жүріп жатқан түрлі жағдаяттар дәлелдеп отыр. Ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп өскен ұрпақтың дені сау, рухы биік, ақылды да білімді, ұлтжанды, еңбекқор да кішіпейіл, елінің тұтқасын ұстар азамат болып өсері бәріне аян.

Осы тәріздес жағдайларды ескере отырып, болашағымыздың алтын дінгегі – жастарымыздың бойына ұлттық тәрбиені қалай сіңіру керек деген мәселені алға қойып отырмыз. Кітапта беріліп отырған материалдар аға буын өкілдерінің өмірлік тәлім-тәрбие берудегі ой-толғаныстары мен тәжірибесінен алынған.

Ұлттық тәрбие бере отырып, біздің мақсатымыз осы сияқты отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға әсер ететін факторларды – ұлттық мақтанышты, ұлттық сезімді, ұлттық дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, дінді, ділді – барлық ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, үйрету.

Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, дүниетанымдық көзқарасы қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеу – бүгінгі таңда алға қойылып отырған міндеттердің ең маңыздысы.

Негізгі мақсаты ұлттық идеяны, рухты, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптей отырып, жастарға заманауи тұрғыда тәлім-тәрбие беруде ықпалы зор ұсынылып отырған оқу құралының халыққа берер тағылымы мол. Өткен тарихымыз бен салт-дәстүрімізден бейхабар жастардың бетін бұрып, өз халқының бай мұрасына назарын аудартып, халқымыздың өзіне тән салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті, өнері, мақтан тұтуға тұрарлықтай тұлғалары бар екенін аңғартып отыру осы оқу құралының асыл мұраттары болмақ. Және сол арқылы отанын сүйетін ұлтжанды жастарды тәрбиелеп, еліміздің өркендеуі мен қауіпсіздігін баянды ету.

Ғылыми-танымдық бағыттағы бұл оқу құралының оқырман жүрегі төрінен орын алып, ұлттық тәлім-тәрбие беруде қайталанбас өзіндік үлесін қосарына сеніміміз кәміл мол.


Құрметпен, С.Ж.Пралиев

Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры, п.ғ.д., профессор


С.Ж.Пралиев–

Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры,

педагогика ғылымдарының докторы,

профессор, ҚР ҰҒА құрметті мүшесі


^ ЖАҺАНДАНУ ҮДЕРІСІНДЕГІ ЖАСТАРҒА ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ РӨЛІ


Әлемдік тәжірибеде мойындалған бір ақиқат бар. Ол – ел болудың биік мағыналы ұғым екені. Оның іргетасы – мемлекет, анығырағы ұлттық мемлекет. Әділіне көшсек, тек мемлекет құрған ел ғана әлемдік көшке ілесе алады, өзіндік келбеті бар өркениет жасай алады, өз кезегінде өркениет жасай алған ел ғана басқа өркениетті елдермен терезесі теңесе алады. Олай болса, еліміздің тап бүгінгі болмысы мен әлемдік кеңістіктен өз орнын табуға ұмтылысын мемлекетшілдік бастаулары деп айтуға толық негіз бар. Ресейге отар ел болып тұрға­ны­мызда “туған ұлт”, “ұлттық”, “ұлтшылдық”, “ұлттық идея”, “ұлттық мүдде”, “ұлттық тәрбие” мәселесі туралы сөз қозғау мүмкін болмады. Өйткені, бұл жайында сөз қозғау отарлаушы елдің “жасампаз” интернацио­налистік идеология-сына қарсы шыққандық деп есептелетін. Қазір уақыт өзгерді, заман басқа, уақыт сұранысына жауап беретін талап та басқа. Бүгінде ұлт, ұлттық, ұлтшылдық мәселесі жақсы мағынада елдік санаға ұласып отыр. Елдік сана дегенде ең алдымен ойға оралатын нәрсе – қазақ елінің мәңгілігі туралы идея. Бұл не деген сөз? Қазақ елінің мәңгілігі туралы идея – біздің тәуелсіз мемлекетімізде жетекші ұлттық санаға айналуы керек деген сөз. Яғни, Қазақ елі – мәңгілік ұлттық идея. Осы мазмұн туған елімізде қайсы ортада, қандай бағытта болмасын негізгі ұстын, басты тірек болуы керек.

Орайы келгенде айта кететін нәрсе, жауһар Астанамызда бой көтерген “Қазақ елі” мемориалдық кешенінің негізгі мазмұн-мағынасы да, міне, осыған саяды. Расында да, осынау киелі атқа ие болған сәулет өнерінің жаңа туындысына зер салып қараған адам, одан еліміздің сан ғасырлық тарихын, ұлтының болашағы жолында қасық қаны мен күш-жігерін аямаған ұлы перзенттерін, халықтың асыл мұратын терең сезініп қана қоймайды, сонымен бірге, ұрпақтар байланысын, қазақ елінің кеше­гісі, бүгінгісі және ертеңгісін айғақтайтын уақыт үндестігінің белгілерін де аңғарар еді. Сондықтан да, бұл ескерткіштің өкшебасар ұрпақты ізгілікке, отансүйгіштікке, елдік биік санаға тәрбиелеуде маңызы аса зор болатынына сеніміміз кәміл. “Қазақ елі” монументі өткен күнді көз алдымызға елес­тетумен бірге келешек жайлы да ой қоз­ғайды. Мұны монументтің ашылу салтана­тында сөйлеген сөзінде Қазақстанның халық жазушысы, сенатор Әбіш Кекілбаев орынды атап көрсетті. “Бұл – Ел жолында жүк қалдырмас Ерлікке ескерткіш. Бұл – абзал армандар мен асыл мұраттарға қанат бітіре алатын дарқан Елдікке ескерткіш. Бабалар аманатын орындаған ардақты ұлын аялаған халықтық махаббаттың ескерткіші”, - деген сенатордың салмақты да салиқалы ой-пікірі біздің де ықылас-пейілімізбен үндесіп жатыр.

Енді, ұлттық биік сананы қалай қалып­тастырамыз, оны жүзеге асырудың жолдары қандай деген мәселеге келейік. Қазір барлық елдер мен мемлекеттер біркіндікті жаһандану жағдайында өмір сүруге бейімделу үстінде. Негізгі кіндігі еркін таңдау және жеке бастама жасай алатын жеке адам бостандығы идеясына негізделген Батыс өркениеті болып отыр. Соңғы жылдары жаһанданудың бір тетігі ретіндегі батыстану – бұл тек батыс­тың технология­лық жетістіктерін, экономи­калық өндірісті ұйымдастыру тәжірибелері мен ғылыми-техникалық мәдениетін қабылдау ғана емес, сонымен бірге, әлеумет­тік реттеудің (адам құқығы, жеке адамның тұлғалық тұрпаты, діни сенімі, ұлттық төзім­ділік, әдептілік т.б.) мәдени-өркениеттік қалыптар кешенін де қабылдау екенін түсінген дәстүрлі қоғамды жақтаушылардың табанды қарсылығына тап болуда. Бұл тұрғыда негізгі келіспеушілік өркениеттердің өзара кірігуі мен ұштасып кетуіне қарсылық­та болып тұр. Анығырақ айтқанда, жаһан­дану барысында Батыс мәдени құндылық­тарының басымдық танытуы жергілікті халықтың байырғы төлтумалық сипатының жоғалуына түрткі болуы мүмкін деген қауіп­ке әкеліп тірейді. Өйткені, өткен ғасырдың орта шенінен айтыла бастаған өркениет бәсекесі қазір шын мәнінде ақиқатқа айнала бастады. Бәсеке бүгінгі күні экономикада, саясатта, идеологияда, мә­дениетте, білімде, ақпаратта, технологияда, тағы басқа салалар­да қызу қарқынмен жүріп жатыр. Рас, Батыстың білімі, ғылымы, техникасы, тех­нологиясы, біздер үшін өте қажет, алайда, Батыс өркениетінің қор­шаған ортаға тек пайда табу көзі деп қарау­ға үйретуі, оны технологиялық тұрғыдан бөлшектеп сату түрінде түсіндіруі, бұл мә­селеде бізге үлгі бола алмайды. Сондықтан, Батыс өркение­тіне шамадан тыс еліктеуші­лік –жақсылықтың нышаны емес. Тағы да қайталап айтудың реті келіп тұр, батыстың технологиялық жаңалығына ұмтылу, экономикалық өндіріс­ті ұйымдастырудағы жетістіктерін игеру – қажеттілік, ал одан, керісінше, бүгінгі күнде рухани тапшылыққа айналып отырған ізгілік, кісілік, адамгершілік, бауырмалдық, әдептілік, тәрбиелік мазмұн іздеу – бос әурешілік. Өкінішке орай, Батыс өркениеті бұл тұрғыда ешқандай жетістікке жеткен жоқ, қайта тоқырауға ұшырады. Мысалы, дәстүрлі қазақ қоғамы мәдени құндылық­тарды еш уақытта тауар деп қабылдамайды, негізгі ұстанымы бойынша қоғамның шаңырағын шайқалтпай ұстап тұруға тиіс тетік, өмірлік ұстын ретінде қарастырады. Ал, Батыс өркениетінде бұл тұрғыдағы ұстаным мүлдем басқа, олар мәдени құндылықтарды тауар ретінде қабылдайды, мақсат – сату (сатылу) және пайда табу. Қанша аз уақыт жұмсалса, сонша пайдасы көп. Алайда, басы ашық мәселенің бірі – қазақ қоғамы қазір қарқынды түрде жүріп жатқан жаһандану үрдісінің ықпалынан, өзі қаламаса да, оқшау бола алмайды. Бұл – шығар күндей анық мәселе. Жаһандануды әрбір ұлт, әрбір этнос, әрбір мемлекет өзінің болмысына бейімдеп сіңіре алғанда ғана осынау қауіптілеу болып көрінетін құбылыстың игілігін көреді. Егер, жаһандануды ұлттық мемлекеттік болмысқа икемдей алмасақ, оның ықпалына түсіп алып, жалаң еліктеуге ұрынатын болсақ, онда мемлекет те, сол мемлекетті жасап отырған ұлт та геосаяси тобырға айналып, рухани жаулаушы өркениеттің құлақкесті құлы болып қала береді.

Ендеше, оған қарсы тұру үшін не істеу керек? Одан өз бітім-кескінін сақтаған қазақ қоғамын аман алып қалудың қандай тетіктері бар? Біздің ойымызша, оның ең тиімді үлгісі – ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу. Қазіргі кезеңде әлемнің әр түкпірінде өткір қойыла бастаған ең өзекті жайдың бірі – осы ұлттық тәрбие мәселесі болып отыр. Ол жайдан-жай емес, әрине. Ұлттық тәрбиенің ең маңызды тұсы – адамды ойлануға үйретуі. Бұлай дегенде, әрбір жеке адам, ең алдымен, өзінің белгілі бір ұлттың мүшесі екенін іштей терең сезініп, санада сілкініс жасауы керек екенін, содан кейін барып, жалпыадамзаттық қоғамға лайық орнын белгілеу қажеттігін сіңіруі болса керек. Бұл жерде негізгі әңгіме арқауы мемлекетшілдік, ұлттық сана, ұлттық ұстаным, ұлттық мүдде туралы болып отыр. Өйткені, біздің төлтума бітімімізді, қайталанбас ұлттық болмысы­мызды, ұлттық ойлау машығымызды, қала берді ұлттық кейпімізді сақтап қалу бәрінен маңызды. Ол бізге мынау аждаһадай төніп келе жатқан дүлей дүниеде біржола жоғалып кетпеуімізге кепіл болуға тиіс. Қалай десек те, ендігі жерде өзіндік “менін” сақтауға ұмтылған жұрт ең алдымен ұлттық тарихи жадын, бірегей ұлттық ойлау машығын, өзіндік дүниетанымын, ана тілі мен ділін, дінін дәстүрлі мәдениетін аман алып қалу және оны одан әрі дамыту жолында күреске түсетіні анық. Олай болса, осы айтқаны­мыздың бәрі ұлттық тәрбиеге тікелей байланысты жүзеге асатынын мойындауға мәжбүрміз.

Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік кеңістікте өз жолын таңдауы – әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол сөзсіз ұрпақтар қамы деген ұғыммен үндеседі. Ел болу, мемлекет құру – сонау түркі заманынан желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол болашаққа ашылған даңғыл жолды ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Бұдан шығатын қорытынды, ұлттық тәрбие идеясы ата-бабалар алдындағы қарыз бен өкшебасар ұрпақтың алдындағы парыз деп түсінуіміз керек. Яғни, парыз бен қарыздың түйісер тұсы осы ұлттық тәрбие деп білеміз. Сондықтан, мұнда алдымен мемлекет жасауға ұйытқы болып отырған этнос пен мемле­кеттің мүддесі қатар тұруға тиіс. Өйткені, біз бұдан былайғы кезеңде бүкіл адамзат баласы жасаған өркениет­термен қатар дамуға тиіс мәдениеттің (қазақ мәдениетінің) мүшесі болып саналамыз. Ендеше, адамзат баласының осы уақытқа дейін жасаған озық тәжірибелері мен жетістіктерін қолдан кел­генше түгел игеріп, қажетімізге пайдалануы­мыз керек. Сондай-ақ, ағымдағы уақыттың талабы мен сұранысын қанағаттандырып отыру да ұлттық тәрбиедегі негізгі қағида­ның біріне айналуға тиіс. Бұл үшін қазақ ұлтын қай тұрғыдан да жаңа дәрежеге, жаңа интел­лектуалды сапаға көтеріп алу тиімді.

Бүгінгі қазақ ұлты – бұрынғы көшпенді тұрмысқа бейімделген дала халқы емес. Бүгінгі қазақ ұлты – бұрынғы “қызыл идеологияның” қыспағындағы бодан халық та емес; бүгінгі қазақ ұлты – өркениет орталығы саналатын қала халқына айналып, сапалық жағынан көп ілгеріледі, бүтіндей аграрлық жағдайдан гөрі, индустриялық-инновациялық мемлекет құруға көшіп отыр. Сонымен бірге, “Мәңгі ел” ұлттық идеясы­мен қаруланған тәуелсіз халық. Қазіргі кезде әлем жұртшылығы ұлы реформатор, ұлт лидері деп таныған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастама­сымен Үкімет осы бағытта үлкен мемлекет­тік бағдарлама жасап, барлық дең­гейдегі билік өкілдері елдің индустриялық-иннова­циялық даму жолына түсуін қатаң бақы­лауына алып, жіті қадағалап отыр. Түсінген адамға мұның түпкі астарында да мемле­кеттік идеядан туындаған ұлттық мүдде, ұлттық ұстын жатыр. Елбасының әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­тетінің 75 жылдық мерейтойына орай, атал­ған жоғары оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттеріне арнап оқыған “Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: болашаққа интеллектуалдық секіріс” атты дәрісінде осы мәселені жан-жақты талдап, келешегімізге қандай жолмен баруымыз керектігін тағы бір айқындап берді.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кез келген мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік гүлденуі мен қауіпсіздігі халық­тың білімі мен интеллектілік ресурстарымен тығыз байланысты. Интеллектуалды ұлт болу деген – тар шеңбердегі ұғым емес, оның түпкі иірімінде ұлттық негіз, ұлттық ұстын, ұлттық болмыс жатыр. Ұлттың сапалық құрамын арттыру тек қан тазалығын жақ­сартумен ғана шектелмейді, рух тазалығын тәрбиелеу арқылы да биік мұратқа жетуге болады. Ал, оның түпкі мақсатында инновациялық терең білім алу қажеттілігі мен технологиялар әлемінде қабілеттілік таныту сұранысы «мен мұндалап» тұр. Өкінішке орай, бүгінгі таңда біздің елімізде интеллектуалдық тапшылықты “дефициті” қай кездегіден де жоғары.

Осы орайда, мынадай бір сауалға жауап беру маңызды деп есептеймін. Елдік сананы қалыптастыру үшін неге ұлттық тәрбиені бірінші кезекке қоямыз? Біздің ойымызша, ұлттық тәрбие өзара тығыз байланысты екі бастаудан нәр алуға тиіс. Оның біріншісі, қазақ халқының тарихи тағдыры қа­лып­тастырған мейірім, жарасым, төзім, шапағат, парасат, ізет, бақыт туралы арман-аңсар. Таратып айтсақ, осындай арман-аңсардың мәдениет пен өнерде, салт-дәстүрде, тіл мен ділде, діни сенім-нанымда түрліше көрініс­тері болуы керек. Екіншісі, бүгінгі тарихи кезең аясындағы нақты бастан кешіріп отырған қоғамдық-психологиялық ахуал. Бірінші жағдайға қатысты ойымызды одан әрі өрбітер болсақ, халықтың мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен салт-дәстүрі, тілі мен ділі, сенім-на­нымы мен діні дегенде тарихтың сүзгісінен сараланып өткен рухани құндылықтарға басымдық сипат берілуі керек. Мұның өзі қоғамның тарихи, психологиялық даму бағытында екінші мәселенің де оң шешімін табатын жолмен ілгері басуына кепіл бола алар еді.

Әрине, бүгінгі қоғамдық-психологиялық ахуал дегенде осы бағыттағы әлемдік тә­жірибелердің озық үлгілері мен жетістіктері де назардан тыс қалмауға тиіс. Түсінген кісіге қазіргі заман көзімен қарасақ, қоғам түбегейлі өзгерген. Жастардың психология­сы, таным-түйсігі мүлдем басқаша. Бүгінгі қоғамдық қатынастар өкшебасар ұрпақты бәрібір өз дегеніне көндіруде. Тіпті, ұлттың құрамы да ала-құла. Ұлттың (отбасының) құрамы ала-құла болған соң, тілі де біркелкі емес. Осыған байланысты, бүгінгі қазақ от­басының ұлттық тәрбиесі күрделі өзгеріс­терді бастан кешіруде. Мұндай өзгерістерге біз әрқашан дайын болуымыз керек. Ол үшін білім арқылы тәрбиелеудің әлемдік озық үлгілеріне арқа сүйегеннен ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Сонда ғана біз бәсекелестікке қабілетті жас ұрпақ тәрбие­леуге қол жеткізе аламыз. Халықаралық деңгейдегі білімнің басты ерекшелігі – күшті нарықтық бәсекеге қажет кадр даярлау болса, оның алғышарты – білім ар­қылы тәрбие берудің ішкі механизмін қалыптас­тыратын жүйе құру деген сөз. Мұны дүние­жүзілік тәлім-тәрбие берудің озық тәжіри­белерін игермей, ұлттық тәрбие идеясын толыққанды жүзеге асыра алмаймыз. Бүгінгі тарихи-психологиялық ахуал бізден осыны талап етіп отыр. Онсыз білім де, тәрбие де өз деңгейінде болмайды. Шын мәнінде тәу­елсіздік дегеніміздің өзі ұлттық мәдениеттің сақталуы және халыққа рухани қызмет ету әлеуеті емес пе?! Ол-ол ма, ұлттық бостан­дық ұғымының түпкі мазмұн-мағынасы да осыған саяды. Жас­тарды ойдағыдай тәр­биелеуде біздің мүм­кіндігіміз бар. Өйткені, ол үшін батыс мәдениетімен, білімімен бәсекеге түсе ала­тындай ХХІ ғасырда рухы биік мәдениетіміз бен біліми әлеуетімізді қалыптастыруды қолға алу өте-мөте ма­ңызды. Рухы мен мәдениеті биік, білімі терең деңгейдегі ұлт жаһандану деген алып мұхиттың үстінде өзінің келбетін жоғалтпай­ды. Ондай ұлттың да, мемлекеттің де болашағы жарқын. Ол үшін ұлттық тәрбиені дамытудың ғылыми негізделген тұжырым­дамасын жасау керек. Тіпті, бұл – кезек күттірмейтін үлкен мәселе. Мұны Прези­дент­­тің “Интеллектуалды ұлт – 2020” ұлттық бағдарламасындағы идеямен қаруланған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы қолға алып отыр. Әрине, қиын, қиын да болса тәуекелге бел буып отырған жай бар. Сол мүмкіндікті пайдаланып, бүгінде біз уни­верситетте тәрбие мәсе­лесіне, оның ішінде ұлттық тәрбие проб­лемасына бірінші кезекте ден қойып отыр­мыз. Өйткені, ұлттық тәрбие бастауларынан нәр алған мәдениетті, парасатты жастар оқу-білімді өзінің өмірлік мұратына айнал­дырып, жан-жақты іздене­­тіні, ғылыммен шұғылданатыны сөзсіз. Білім мен ғылым шындығында, аса зор өндіргіш күш, үлкен байлық. Сондықтан да, әлемдік жаңа идеология білім күшіне сүйенеді. Сондай-ақ, қазіргі замандағы білім беру жүйесінің міндеті қазіргі жастарымыздың білім алып қана қоймай, тәрбиелі, әдепті, ұлтжанды, бір сөзбен айтқанда, интеллек­ту­ал­ды бо­луын қамтамасыз ету. Осы талаптан шығу үшін университетте былтырдан бастап 1-курс студенттеріне арналған “Әдептану” факультативті дәрісі енгізіліп, оған тиісті оқу-тәрбие сағаттары бөлінген еді. Ендігі кезекте ұлттық тәрбие мәселесі тұр. Оның себебі, біздің университетімізде білім мен тәрбиенің ажырамас бірлігін (ұлы ұстаз әл-Фарабидің де үнемі ескертіп отыратыны осы еді ғой) қамтамасыз ете алатын, ежелден қалыптасқан классикалық дәстүрлері, ұлттық ерекшеліктері бар. Сондай-ақ, ол кең өрісті базалық және кәсіби мәдениетке негізделген. Университеттің педагогикалық әлеуеті болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру ісінде ғана емес, олардың азамат­тық жауапкершілігін, отаншылдық рухын, елдік, мемлекетшілдік сана мен ұлттың ар-ождан сияқты қасиеттерін тәрбиелеуде жинақтаған іс-тәжірибелері аса мол. Біздің университеттің еліміздің басқа жоғары оқу орындарынан басты ерекшілігі де осында.

Тағы да айтып өтейін, аталған бағдар­ламаны жүзеге асырудағы ең басты қажет­тілік – жастардың рухани тәрбиесін жетіл­діру дейтін болсақ, бұл бүгінгі күндегі ең өзекті мәселенің бірі саналады. Бұл орайда, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагоги­калық университетінде де алдағы жаңа жылдан бастап “Ұлттық тәрбие” сабағы енгізіліп, ол жеке пән ретінде барлық мамандықтар бой­ынша жүзеге асатын болады. Бағдарлама­ның тиімді жұмыс істеуі үшін оған 4 кредит бөлініп, тиісінше оқу жоспарына енгізілді. Сонымен бірге, арнайы “Ұлттық тәрбие” кафедрасы ашылып, оған өз ісінің жетік біл­гірлері саналатын білікті де, тәжірибелі мамандар тартылып отыр. Тағы бір өзекті мәселе – осы бағыт бой­ынша мемлекеттік тілде оқулықтар дайындау ісін қолға алып жатырмыз. Жақын арада осы жоба бойын­ша арнайы құрылған комис­сияның сүзгі­сі­нен өткен мұндай оқулықтар көп кешікпей ұстаздардың қолына тиетін болады. Ке­лешекте “Ұлттық тәрбие” пәні ұлттық рух­тың, тіл мен ділдің алтын қа­зығы саналатын балабақшадан бастап, жоғары оқу орнына дейінгі барлық дең­гейдегі оқу орын­дарында кәсіби-базалық деңгейде оқытылады.

Ал, ұлттық тәрбиенің көздері: фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге, өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектерін­дегі тәрбие қағидалары болып табылады. Сонымен бірге, отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім, ұлттық адамгер­шілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиет­тері, ізгілік сынды тағы басқа сапалық бел­гілер – ұлттық тәрбие­нің негізгі көрінісі болады. Одан басқа жаһандану жағдайын­дағы ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті, толеранттық-төзімділік қасиеттер де ұлттық тәрбие дәріс­терінде кө­рініс табуы тиіс деп ойлаймыз. Айтпақшы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың 26 қазанында Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында сөйлеген сөзінде осы мәселеге айрықша тоқталғаны жай­дан-жай емес. Ол бүгінгі күн үшін өте маңызды Қазақстанның Ұлттық бірлігі доктринасы туралы ой-ұсынысын айта келіп: “Ең алдымен, білім мен тәрбие беру жүйесі арқылы, БАҚ-тарда этносаралық қарым-қатынастар тақырыбын әдепті жазу арқылы, қазақстандықтардың құқықтық мәдениетін арттыру арқылы азаматтық біртектілікті, қазақстандық қоғамдағы толеранттылықты дамыту қажет.

Білім және ғылым министрлігі қазақ­стандық қоғамның ерекшеліктерін ескере отырып этно және полимәдени білім бе­руді дамыту жөнінен тұжырымдамалық ұсы­ныстар дайындауы керек. “Толеранттылық негіздері” атты факультативтік курс әзірлеп, оны мектептер мен ЖОО-ларға енгізу қажет”, - деуі, бұл мәселенің өте маңызды кеңістікке көтерілгенін көрсетеді. Сондықтан, Прези­дент­тің басқосуда айтқандарын бізге берілген айрықша тапсырма деп қабылдап, бүгінгі күннің ең маңызды мәселесі ретінде “Ұлттық тәрбие” бағдарламасының негізгі діңдерінің бірі ретінде енгізуді ұсы­нып отырмыз. Сондай-ақ, “Толеранттылық негіздері” атты арнайы пәннің бағдарла­ма­сын әзірлеп, оқулық, оқу құралдарын қолға алдық. Жал­пы, жастар арасындағы жат қылықтар – нашақорлық, жезөкшелік, маскүнемдік, бұзақылық, екіжүзділік сияқты жат әдеттерді ауыздықтау мәселесі де ұлттық тәрбие жұмысының басым бағыттарының бірінен саналады.

Қысқаша айтқанда, ұлттық тәрбие – ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі. Мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын, толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәр­бие­леу. Міндеті – мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі – ана тілі болып қалатынын негіздеу; қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеу рухында жас­тардың ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастыру; бүгінгі қазақ елінің индустриялық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін жоғары парасат­ты ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу; білім және мәдени-рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету; қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасы­ның өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру.

Әрине, тәрбие жалаң болмауы тиіс. Жалаң тәрбие –қауқарсыз. Қазір, өкінішке орай, тәрбиеде сондай үрдістің жүріп жат­қанын ащы да болса мойындауға тура ке­леді. Біздіңше, кез келген адамды тәрбие­леудің ұлттық негізі болуы керек. Сонда ғана тәрбие шынайылыққа айна­лады. Тәр­биенің мақсаты – елдік сананы қалыптас­тырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. Сондықтан, тәрбиенің жүзеге асуының технологиясы қалай дегенде де ұлтымызға ұстын, болашағымызға тұғыр болатын ұлттық тәрбиеде жатыр деп нық сеніммен айта аламыз.

Жоғарыда айтылған ойларымыздың бәрін жинақтай келе, Президентіміздің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің 75 жылдық мерейтойына орай оқыған дәрісіндегі мына ой-пікіріне назар аудара кеткеніміз жөн болар: “Біз дамыған елдерден озық технологияларды тартып, бір­лескен өндірістер құрудамыз, иннова­циялық жобаларға қолдау көрсетілуде.

Бірақ, біз экономикасы тұрақты дамы­ған елдер клубына өтеміз десек, бұл жет­кі­ліксіз. Оның сыртында аса озық техноло­гияларын бізге ешкім де әншейін бере салмайды. Қазақстанға біздің ұлтымыздың әлеуетін оятуға және жүзеге асыруға жағдай жасайтын интеллектуалды төңкеріс қажет”. Міне, Нұрсұлтан Әбішұлының осы бір ой-толғамы түйіндеп отырғандай, бүгінгі жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды, оның жаңа ұрпағын қалыптастыруда интеллектуалдық секіріс сөзсіз қажет. Олай болса, сол интел­лек­туалдықтың өзі ұлттық тәрбиемен келетін жеміс екенін ұмытпа­ғанымыз абзал.

  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14



Похожие:

Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті iconҚазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Баспаға Абай атындағы ҚазҰпу-де мемлекеттік грант бойынша жүргізілген ғылыми жобаның нәтижесі бойынша ұсынылған
Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті iconҚазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағЫ Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «бекітемін»
«Білім алушыларға арналған пәннің оқу әдістемелік кешені «Математикалық логика»
Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті iconҚазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағЫ Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті
«050109–Математика» мамандығы бойынша жоғары кәсіби білім берудің Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты
Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті iconҚазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағЫ Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «бекітемін»
В0601 – математика мамандығы бойынша жоғары кәсіби білім берудің Мемлекеттің жалпыға міндетті стандарты
Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті iconҚазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағЫ Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «Бекітемін»
«050703 – механика» мамандығы бойынша жоғары кәсіби білім берудің Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты
Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті iconҚазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағЫ Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «бекітемін»
«050109-математика» мамандығы бойынша жоғары кәсіби білім берудің Мемлекеттің жалпыға міндетті стандарты
Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті iconҚазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағЫ Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «бекітемін»
В010900 – математика мамандығы бойынша жоғары кәсіби білім берудің Мемлекеттің жалпыға міндетті стандарты
Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті iconҚазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағЫ Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «бекітемін»
«5B012000  Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша жоғары кәсіби білім берудің Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты
Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті iconҚазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағЫ Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті шағын жинақты мектепте интеграцияланған білім беру
«Интеграция», «білім берудегі интеграция», «пәнаралық интеграция» ұғымының мән-мағынасы
Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті iconҚазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі абай атындағЫ Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «бекітемін»
2011 Қр бғМ № бұйрығымен бекітілген «Қазақ тілі» пәнінің типтік бағдарламасы (мжбс-ның міндетті компонентіндегі пәндер үшін)
Разместите кнопку на своём сайте:
Документы


База данных защищена авторским правом ©kze.docdat.com 2000-2014
При копировании материала обязательно указание активной ссылки открытой для индексации.
обратиться к администрации
Документы